Республика – менің байтағым
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Республика – менің байтағым» атты көрме ашылды. Көрме музей қорындағы туындылар мен ЮНЕСКО клубы №2 Өнер мектебі оқушылары мен педагогтарының шығармашылық жұмыстарын қамтиды. Шара алдағы Республика күніне орай ұйымдастырылды. Көрме Қазақстанның тәуелсіздігі мен мәдени мұрасына арналған, келушілерді ел тарихына терең үңілуге шақырады.
Мұндай көрмелер көрермендерге тек өнер арқылы рухани құндылықтарды бағалауға ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдауға мүмкіндік береді. Көрменің басты мақсаты – Қазақстанның рухани байлығын, мәдени құндылықтарын және тәуелсіздіктің мәнін насихаттау.
– Әрине бұл жоба жас көрермендерді қызықтырды деп айта аламын. Өнерге икемі бар жастардың барлығы шараға үміткер болып, өз ойларын бейнелеген. Еліміздің ертеңі жастар, отансүйгіш, патриот екендіктерін дәлелдеп отыр, деп айта аламын, – дейді музей директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.
Бұл көрме қатысушылар үшін және көркем сурет өнерін енді бастап жүрген жандар үшін үлкен мүмкіндік. Мысалы, Вероника Шмидт 16 жасында «Шахтер еңбегі» атты жұмысын ұсынды. Бұл туындыны жасауға 6 ай уақыт кеткен. Шығарманың қиындығы тек жер астындағы шахтерлердің жұмысын бейнелеуде ғана емес, олардың беттеріндегі ішкі сезімдерін жеткізуде болды.
– Қарағанды – көмір өнеркәсібінің орталығы. Менің ойымша, бұл туралы көбірек айтып, әртүрлі өнер түрінде көрсету маңызды. Қазіргі жастарға осыны түсіндірген дұрыс деп ойлаймын, – дейді №2 Өнер мектебінің оқушысы Вероника Шмидт.
Экспозиция кескіндеме мен графикадан тұратын 100-ден астам туындыны қамтиды. Көрме Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын насихаттап, тәуелсіздік пен ұлттық бірегейлікті айшықтайды. Балалар мен жас суретшілердің туындылары арқылы еліміздің рухани құндылықтары мен ұлттық дәстүрлері көрерменге жетеді. Мұндай шаралар жас ұрпақты өнерге баулып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен ықпал етеді. Бұл көрме арқылы оқушылардың тарихи санасын қалыптастырып, мәдени мұраларға деген құрметін арттыру маңызды.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»