Қала тазалығы
Қаланы таза ұстау әр тұрғынның міндеті. Ондаған еріктілер ағаштарды орталық саябақтан «Ленин» кинотеатрының артындағы алаңға көшіру науқанына қатысты.
Науқан үш кезеңде өтті: алдымен жас көшеттерге арналған бос жерлердегі тастай қатты топырақтар қазылып алынып шұңқырлар дайындалды. Содан кейін жаңбыр мен қар жауып тұрғанына қарамастан келісілген жерлерде жас талдар түбінен қазылып алынып, жаңа орындарына отырғызылып суарылды.
– Нақтырақ түсіндіретін болсам, біз бүгін еріктілермен бірігіп осы жерде жатқан керексіз талдар мен түсіп қалған бұтақтарды жақсы жағынан пайдалану мақсатында Ленин кинотеатрының маңайына апарып егеміз. Қаланың ең маңызды жерлерін осылай көгалдандыру, жасылдандыру, ағашқа байыту ойымыз бар, – дейді кәсіпкер, эко-белсенді Владимир Матонин.
Алдымен ұйымдастырушылардың аккаунтында жарияланған хабарландыру студенттер, депутаттар, спортшылардың арасында ескерілді, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қаланың жайқалуына атсалысу үшін балаларын ертіп келгендер де болды. Қаламыздың әйгілі пиццериясы ыстық кофе мен кондитерлік өнімдер әкеліп еріктілерге қолдау білдірді. Науқанға қатысушылар көп болғандықтан, жұмыстар бір уақытта бірнеше учаскеде жүргізілді.
– Мен өзім биологпын. Осы салада біраз жыл қызмет еттім. Сондықтан да бүгінгі жасап жатқан әрекеттерімізді толықтай түсінемін. Біздің егіп жатқан талдарымыз жайқалып қаламызды көркейтетін үлкен ағаштарға айналады деп ойлаймыз, – дейді ерікті Валерия.
Көптеген зерттеу көрсеткендей, бүкіл әлемдегі ірі қалалар аптап ыстық пен су тасқынынан қорғану үшін, сондай-ақ адамдардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсарту үшін жасыл алаңдарды өсіреді. Бір ағаш жылына екі адамға оттегін өндіретінін ескерсек, Қарағандыдағы бұл жұмыстарды әлі де күшейту керек.
– Біз экологиялық науқанға қатыстық. Бұл науқанның өз бөліктері бар. Бір күніміз бір күнімізге ұқсамайды. Біздің мақсат – осы қаланы табиғи жолмен әрлеу және болашақ ұрпаққа таза, қауіпсіз қала қалдыру, – деп атап өтті тағы бір ерікті Нұрлан Әубәкіров.
Ағаштар – тиімді ауа сүзгілері, олар оттегін шығарып қана қоймайды, көмірқышқыл газын сіңіреді, күн сәулесінен қорғайды. Шу мен шаңды азайтады, желден қорғайды, суды сақтайды, тірі организмдерді қалқалап тұрады және жапырақтары топырақты қатып қалудан сақтауға көмектеседі. Бүгін де жақсы адамдарды игі істің айналасында бірігулеріне себепші болып тұр.
– Мен қаланың тазалық мәселесіне бей-жай қарамағандықтан осы науқанға баруға бірден келістім. Әсіресе күзде ағаштарды отырғызу өте орынды. Қыс бойы орнығады. Мен өз қаламыздың жасыл болғанын қалаймын. Өте пайдалы шара болды, – дейді ерікті Татьяна.
Қоршаған ортаға пайдалы іс өз бастауын алды. Ендігі ағаштарға сүйіспеншілікке толы дұрыс күтім мен қамқорлық қажет.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»