Газдандыру жұмысы жалғасуда
Аймақты газдандыру жұмысы баса назарда. Өңірімізде тұтынушы бес жылға бөліп төлеу арқылы үйіне табиғи газбен жабдықтау қондырғысын орната алады. Бүгінгі күні Қарағандыда үш мыңнан астам үй орталық газ жүйесіне қосылды.
Қарағандыда газдандыру жұмысы жоспарға сай жүзеге асырылуда. Брифингте ұсынылған мәліметке жүгінсек, қалада 3 080 үй орталық газ жүйесіне қосылды. Газ құбыр тарату желілері тартылған соң жеке сектор үйлеріне табиғи көгілдір отынды жеткізу қондырғыларын орнату мәселесін тұтынушыға салмақ салмай тиімді шешу ісі де қарастырылған. Мәселен, былтырдан бастап, біздің облыста газбен жабдықталу шығынын пайызсыз 5 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі қолданыста. Аталмыш бағдарлама аймақ басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. 2023 жылдың басынан бастап 500-ден астам отбасы осы мүмкіндікті пайдаланған.
– Бұл пайызсыз бөліп төлеу. Ай сайынғы төлем сомасын жабдықты орнататын мердігер анықтайды. Мердігер қондырғы жабдыққа қанша қаражат кеткенін есептеп, сол шығынды 5 жыл мерзімге бөліп береді. Бүгінгі таңда Қарағанды мен Теміртау қалаларында 500-ден астам үй иесі осы бағдарлама негізінде бөліп төлеу мүмкіндігін қолданды, – деді «Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы» ЖШС директорының орынбасары Әлібек Аденов диалог алаңында.
Осынау мемлекеттік бағдарлама аясында биылғы жыл соңына дейін тағы 200 жеке сектор үйге табиғи көгілдір отын қондырғысын орнату көзделіп отыр. Айта кету керек, республикамыздың басқа өңірінде газдандыру бағытында бөліп төлеу бағдарламасы жоқ. Облыс әкімі бастамасымен тек біздің облыс қана тұтынушыға тиімді бағдарламаны іске қосқан. Ал газ тарту бойынша бөліп төлеу бағдарламасын қолдану үшін, тұрғындарымыз Пассажирская көшесі, 15а, 322 кеңседе орналасқан Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгінулері қажет. Онда мердігерлік ұйымнан техникалық шарт, үйге құқық белгілейтін құжаттар, кадастрлық анықтама, тұрғын үй иесінің жеке куәлігін және коммерциялық ұсыныс тапсыруы сұралады.
– Біздің филиал газ қосу барысында пломбалау, газ жіберуді іске қосуды тегін жасайды. Тұтынушы жауапты мекеме қабылдап алғаны үшін ғана 2 075 теңге төлеуі шарт, тұрақты техникалық қызмет көрсету шарты шамамен 20 мың теңге көлемінде. Біздің облыста бір текше метр газдың тарифі – 38 теңге. Газды тұтыну шығыны десек, мәселен, ауданы 100 шаршы метрге дейінгі үй болса айына 8-ден 12 мың теңгеге дейін төлейді, –дейді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының сервистік қызмет басшысы Аманжол Мұхамет.
Бұл ретте үйдегі терезелер саны, оның сапалы бекемделуі, еден мен төбенің жылу оқшаулауына және т.б. үйдің ішкі жағдайына байланысты отын шығыны кететінін де ескерген жөн дейді мамандар.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»