Халықаралық турнир

Қарағандыда таэквондодан «Karaganda open» 19-шы халықаралық турнирі өтті. «Жастар» спорт кешенінде әр елден келген 600-ден астам спортшы үздіктердің үздігі атағын сарапқа салды.

Шара қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерді еске алуға арналды. Ауған соғысының ардагері Серғали Тоқтабеков халықаралық жарыстың ашылу салтанатында құрметті қонақтардың бірі болды. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың тек спортты дамыту үшін ғана емес, қатысушылардың жүрегінде отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.

– Жастарға келешекте тәрбие ретінде, тәрбие ол өз отанына патриот болуға, өз отанына сүйіспеншілігін арттыруға және де салауатты өмір салтын арттыруға үлкен маңызы бар деп ойлаймын бұл жарыстың. Сондықтан біздің Қарағанды облысының ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің атынан алғысымды білдіргім келеді. Жас біздің спортшыларға сәттілік, жеңісті күндеріңіз көп болсын, – деді Ауған соғысының ардагері Серғали Тоқтабеков.

Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан, үздік атақ үшін жекпе-жекке осы 4 елден 650 спортшы қатысады. Барлық қатысушылар жасы мен жынысы бойынша бөлінді. Қарағанды ​​облыстық таэквондо WTF федерациясының президенті Руслан Ищановтың айтуынша, турнир өткізілген 19 жыл ішінде кеншілер шаһарының аренасында мыңнан астам спортшы бақ сынаған. Таэквондо өте танымал спорт түрі. Жарыс ұйымдастырушысы қаламызда осы спорттың қарқыны жақсы және спортшылардың саны жыл сайын артып жатқанын айтуда.

– Таэквондо олимпиадалық спорты Қазақстанда өте қарқынды түрде дамып келеді. Сонымен қатар Қазақстан оның ішінде Қарағандыда 400 астам, Теміртау қаласында 300 астам спортшы айналысады. Және де Қарағанды облысының атынан 60 жуық спортшы осы турнирге қатысуда, – дейді  «KARAGANDA OPEN» XIX ашық республикалық турнир ұйымдастырушысы Асқар Смағұлов.

Турнир екі күнге созылды. Жеңімпаздар жекпе-жек нәтижелері бойынша кубоктар, медальдар мен құрметке ие болып қана қоймай, әлемдік ареналарға қатысу үшін республикалық құрамаға іріктеу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы командалық орын бойынша: жасөспірімдер арасында бірінші орынға КимСонгСу мектебі – Павлодар қаласы, екінші орынға «Жеңіс» спорт клубы – Алматы қаласы, үшінші орынға СК Достар – Алматы қаласы лайық деп танылса. Жастар арасында: бірінші орынға СК Достар – Алматы қаласы, екінші орынға Атырау облысы, үшінші орынға Қызылорда облысы тұрақтады. Балалар арасында: бірінші орын FLY TKD – Алматы қаласы, екінші орынға «Жеңіс» спорт клубы – Алматы қаласы, үшінші орын КимСонгСу мектебі – Павлодар қаласына берілді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»