Үміт оты өшкендер мекені

«Хоспис деген сөзді естігенде көп адамды мистикалық үрей билейді. Шындығына келсек, бұл аурухана емес, бұл медицина күресе алмаған жандарға көмек көрсететін орын. Хоспистің мақсаты – өмірді ұзарту емес, қалған өмірдің сапасын арттыру. Ауыр науқастардың әр күнін бақыт пен қуанышқа толтыру», — дейді психолог Айнаш Сарсекенова.


Қарағанды қаласының тұрғыны Альфия Скаковаға анасын хосписке тапсырғаннан басқа амалы қалмады. Емі жоқ ауыр дертке шалдыққан әйел толығымен қызына тәуелді еді. Дәрі-дәрмек пен ішер асқа нәпақа табу үшін Альфияға жұмыс істеу керек. Бірақ дәрменсіз анасын төрт қабырғаға жалғыз қалдырып кетуге ары жібермейді. Енді қайтпек? Қиын сұрақтың жауабын руды билеген шешендерден емес, жер жүзін билеген ғаламтордан сұрайтын заман. Шарасы таусылған Альфия мәселесінің шешімін google’дан іздеп, Қарағандыда «Жансая» атты паллиативті көмек орталығының сайтына тап болды. Клиника қызметкерлерімен сөйлесіп, анасының ендігі өмірін солардың қолына табыстады.
Мекеме республикалық «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігіне қарайды. Бір қабатты ғимаратта 20 хоспистік, 30 ем-шара жүргізу орны бар.
«Орталықта бес медбике жұмыс істейді. Бесеуі елу адамның күнделікті тамағын беріп, емдеу жұмыстарын жүргізіп, киім-кешек, ыдыс-аяқ жуып, санитарлық қызмет те көрсетеді. Науқастардың дені егде жастағылар. Оларды ауруханалар, онкологиялық орталықтар порталға тіркейді, кезекпен қабылдаймыз. Күніне кем дегенде 2 адам келіп түседі. Ауыр халдегі жақынына күтім жасай алмағандар да біздің көмекке жүгінеді», — дейді қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалы директорының орынбасары Татьяна Абрамова.
Мекемеде шыдамы берік жандар ғана жұмыс істейді. Себебі күн сайын төсек тартып жатқандардың қас-қабағына қарап, жансыз денені мәйітханаға жөнелту үшін де темірдей төзім керек. Лиза Колючкованың айтуынша жұмысынан қысқарып қалғанда, күнкөріс қамымен осында тап болған.
«Әр пациентті соңғы сапарға шығарып салғанда әртүрлі күй кешеміз. Ең ауыр тигені – 3 жасар сәбиді мәйітханаға алып кететін көлікке өз қолымен көтеріп салғаным», — дейді Лиза. Мұнда жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін өмір мен өлім үшін әр минуты күреспен өтіп жатқан адамдарды бағып-күтуден қоштасу ауыр.
Бұл ауруханаға келіп түсетіндердің жасы әртүрлі. 20 жасында иммунтапшылық вирусы инфекциясын жұқтырған бозбала да, ауыр дерттен есінен айрылып өзінің кім екендігін ұмытып қалған ақсақал да мекен еткен. Кейде дін қызметкерлері келіп, науқастармен әңгімелесіп, щер тарқатады. Науқастар үнемі туыстарын күтіп көздері төрт болып жатады екен. Кейбірінің туғандары жиі келеді, кейбірі ат ізін салмай кетеді дейді мамандар.
Бөлмелерді аралап қаракөздерді іздестірдім. Жанына демеу болатын сөздер айтып жұбатқым келді. Бірақ бас медбикенің айтуынша, мұндағы үш бірдей қандастың жағдайы ауыр, тілдесуге жарамайды екен. Кенеттен бір төсектің тұсына ілінген қазақ қыздарының суретіне көзім түсті. Жанындағы керуетте жатқан пациент өзге ұлт өкілі. Сөйлесе келе Александардың қазақ қызын жар еткенін білдім. Ол отбасына ауыртпалық түсіргісі келмей осында өз еркімен келіпті. Олардың қиналғанын көру мен үшін азап дейді науқас.
Үміт оты өшкендер жататын ауруханаға атеросклероз, ми қан айналымының бұзылуының салдары, парездер және параличтер, бронх демікпесі, инфарктіден кейінгі кардиосклероз, түрлі топтағы мүгедектік және басқа да нозология бойынша 1 айдан 3 айға дейін жатқызылады. Хосписте қазір жатқандардың дені 3-4 сатыдағы онкологиямен және терминалдық кезеңдегі ауруды өршігендер. «Жансая» ауруханасында құрамында психолог, әлеуметтік қызметкер және медбикесі бар мобильдік бригадалар бар.
Тұңғыш хоспис әлемде 1967 жылы Лондонда ашылған. Өткен ғасырдың 70 жылдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің 40 елінде қатерлі ісікке шалдыққандарға көмек көрсететін қозғалысты бастады. 1982 жылы ДДҰ халықаралық деңгейде дерті жазылмайтын науқастарға әлеуметтік, психологиялық қолдау көрсететін құжаттарды қабылдады. 1980 жылы «хоспис» термині Medicus индексі тізіміне енді.
Қазақстанда 30 адамға арналған тұңғыш хоспис 1999 жылы Алматыда ашылды. Сол жылы Қарағандыда 20 керуеттік хоспис жұмысын бастады. 2006 жылдан бастап қарағандылық хосписте қатерлі ісіктің 4 сатысындағы науқастар үшін 20 керуеттік паллиативтік, ауруы асқынған қарияларға арналған 30 керуеттік мердіргерлік көмек бөлім ашылды. 2011 жылы Теміртау қаласында «Кредо» қоғамдық ұйымы «Үй жағдайындағы хоспис» деген жобаны іске қосып, дәрігер, медбике, психолог пен әлеуметтік сала мамандары ЖИТС диагнозы бар науқастарға үйде көмек беруді бастады. Бригада айына 10-15 науқасқа қол ұшын созды. 20013 жылы қоғамдық ұйымдардың бастамасымен Қазақстанда «Паллиативтік көмек ассосациясы» құрылды.
Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 27 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген «2017-2019 жылдарға арналған Қазақстанда паллиативті көмекті дамытудың жол картасы» аясында хоспистегі науқастарға берілетін тегін дәрі 17 аталымға көбейді. Мұнда үйде қабылдауға да тиімді дәрілер тізімге енді. Олардың қатарында наркотикалық анальгетиктер де бар.
Қарағанды облысында мейірбике күтімі мен паллиативтік көмекке мұқтаж жандар үшін 152 орын қызмет көрсетеді. Олардың тоғызы мемлекеттік медициналық ұйым және жекеменшік «Жансая» ЖШС мен «Гиппократ» МФ ЖШС. Емханаларда паллиативтік көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлер мен дәрігер-психологтар бар.
Елімізде мұндай көмек түрін көрсететін орталықтардың саны – 13. Дені солтүстік аймақтарда орналасқан. Себеп – менталитетке жат дүние. Науқасы жанына батқан жандарды көбісі көзі қиып жат қолға тапсыра бермейді. Сөйтіп өздері де, науқас та қатты қиналады. Ал Альфия Скакова сияқты шарасыз жандарға менталитет емес, жақынының аз да болса, қауіпсіз ғұмыр кешкені маңызды.

Ақзия Оразғалиева