Әскер қатары толықты

Отан алдындағы борыш. Әлихан Бөкейхан ауданынан әскер қатарына шақырылғандарды, әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Отыздан астам жігіт алғашқы лекпен Отан алдындағы парызын өтеуге аттанды.

Әскер қатарына шақырылғандарды Жаңа Майқұдықтың мәдениет үйінде шығарып салу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Шараға Қарағанды ​​гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, Әскери-техникалық училищенің курсанттары, «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқушылары, «Жас сарбаз» сынып оқушылары, сондай-ақ әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындары қатысты. Қоштасу рәсімін ашып, сөз бастаған Қарулы Күштердің ардагері, «Ардагерлер ұйымы» облыстық филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Марат Аймағамбетов жас жігіттермен қоштасу сөзін жеткізді. Жиналғандар алдында сөз сөйлей отырып, ол әскерге шақырылғандарды өмірлеріндегі өте жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, бұл тәжірибе олар үшін міндетті түрде пайдалы болатынын атап өтті. Қызмет кезінде олар жақсы физикалық дене тұрғысын қалыптастыра алады, сонымен қатар жауапкершілік пен тәртіпті арттырады.

– Бауыр еті балаларымызды әскерге аттандыру ата-аналар үшін оңай емес, бұл күні көңіл-күйлеріміз толқулы. Балаларымызға сәт-сапар тілейміз, үлкен ұлым әскерге аман-есен барып келді. Кенже балам барамын деген соң, жіберіп отырмыз, – дейді ата-ана Рымбала Танабаева.

Әрбір сарбаз өзінің және жақындарының, сондай-ақ елінің болашағы үшін жауапты. Биыл күзгі шақырылым аясында Қарағанды ​​облысынан 18 бен 27 жас аралығындағы мың жарымға жуық жас жігіт, міндетті әскери борышын өтеуге аттанады. Сарбаз болғысы келгендер міндетті әскери борышын Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің әскери бөлімдерінде өтейтін болады.

– Жауапкершілік пен қатаң тәртіпке үйреніп, Егемен елдің тыныштығын күзетуге бел будық. Отан алдындағы парызымды өтесем деген болашақ арманымыз бар, бүгінде әскерге шақырылғандар үшін көптеген жеңілдік қарастырылған. Әскерде болған азамат ЖОО-да тегін білім ала алады. Бұдан бөлек, борышын өтеген азаматтардың ары қарай келісімшартпен әскери қызметке қалуға мүмкіндіктері бар, – дейді әскерге шақырылушы Ернат Балташ.

Айта кетерлігі, Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметшілерге жеңілдіктер жасап отыр. Оларға несиелік демалыс беріледі, қызметтен кейін бұл санаттағы азаматтар ЖОО-ға ҰБТ-дан өтпей-ақ түсе алады, ал жауынгерлік даярлық бойынша үздік студенттер ЖОО-да тегін оқи алады.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»