Қауіп қайдан?
Қарағандыдағы ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы академия қабырғасында «Кәмелетке толмағандар үшін онлайн-ортадағы қауіптерді талдау: алдын алу және әрекет ету механизмдері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Қазақстанда соңғы үш аптада он суицид оқиғасы орын алды, оның жетеуі Алматы қаласында. 12 және 13 жастағы қыздар, 17 жастағы жасөспірім, жергілікті жоғары оқу орнының студенті және жергілікті жоғарғы әскери арнаулы оқу орнының курсанты қайтыс болды. Әрине бұл қорқынышты статистика алаңдатпай қоймайды. Қоғам дертіне айналып отырған өзекті мәселелер ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қабырғасында Отандық және ТМД елдерінің беделді ғалымдары, білім беру мекемесінің және басқа да ЖОО қызметкерлері мен жас ғалымдарының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Ондағы негізгі қозғалған мәселе, қауіп-қатердің ең негізгі ошағына айналған — балалардың цифрлық тәуелділігінің артуы болды.
— Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында, қоғам алдында ғылыми қауымдастықтың ерекше назарын талап ететін жаңа сын қатерлер туындап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихатта депутаттардың екінші республикалық форумында, сойлеген сөзінде: «Әлеуметтік желілер балаларды күнделікті өмірдегі шынайы сезімдерден бөліп тастайды» деп, назар аударды. Бұл мәлімдеме, цифрлық технология балаларға кері әсер ететіндігін ескертті, -дейді Б. Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясының басшысы Санжар Әділов.
Ата — ананың міндеті — балаға цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйрету. Балаға назар аударып, бірге уақыт өткізу, оны қызықтыратын тақырыптар бойынша әңгімелесу маңызды. Баланың смартфонда немесе компьютерде не істейтінін қатаң бақылау керек. Осылайша шараға қатысушылар ата-аналарға ескеру керек жайттарды атап өтті.
— Жалпы айтар болсақ, ата-аналар баланы тәрбиелеуде жауапкершілігін мемлекет пен мектепке итермелейді, бұл теріс құбылыс, тіпті смартфондармен қалдырады. Баланың смартфонда немесе компьютерде не істейтінін қатаң бақылау керек екені туралы жар саламыз, — дейді жалпы заң пәндері кафедрасының бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Райбаев.
Шарада көтеріліп отырған қауіп-қатер деңгейі ауқымды, әрі күрделі тақырыпқа айналып отыр. Мәселенің теріс әсері мен жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсау фактілерін азайту мақсатында өткізілген дөңгелек үстел, әрмен қарай өз жалғасын тауып, елде орын алып жатқан келеңсіз жайттарды алдын алуы мүмкін.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»