Ұлттық өнер ұлықталды
Садақ ату – ежелден бері қанымызда бар өнер. Осы ұлттық өнерді ұлықтап, қаламыздың сұрмергендері жиналды. Адамзаттың абзалы, қос дүниенің сардары туылған қасиетті Мәуліт мерекесі осылайша тойланды. Кемел жолдың кемеңгері – Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген күні Сұрыптау бекетінде жоғары деңгейде аталып өтті.
Пайғамбарымыздың туылған күні – Мәуліт мерекесі Сұрыптау бекетінде аталып өтті. Он сегіз мың ғаламның мейірім жаршысына салауат жолданып, Сұрыптау бекетіндегі Ақыт қажы мешітінің ауласында қаламыздың отызға жуық сұрмергені сынға түскен садақшылар жарысы бастау алды. Аталмыш бәсеке ұлттық өнерді насихаттап отыр, садақ ату сайысы Берік Нұржан атында. Қапыда кісі қолынан қаза тапқан сері жігітті еске алуға арналған турнир жыл сайын ұйымдастырылады деп отыр, шараны ұйымдастырушылар. Биыл ол Мәуліт мерекесінің құрметіне арналып отыр. Оған облысымыздың әр аудандарынан 30-ға жуық үміткер қатысуға ниет білдіріпті.
– Сұрыптау бекетінде, «Мерген» атты садақ ату сайысы өтті. Шара тұңғыш рет ұйымдастырылды. Мергендік бізге ауадай қажет, ежелгі заманда аталарымыз мергенді сыйлаған, мерген адамды құрметтеген. Мерген адам өмірде мүлт кетпейді деген қағида бар. Мергендік жүйені дамыта берейік деген ниетіміз бар, Мәуліт оқылып, жақсы шаралар орын алуда, – дейді «Ақыт қажы» мешітінің бас имамы, шараны ұйымдастырушы Жанарбек Мамбар.
Берік Нұржан атындағы садақ ату жарысы қатысушылар үшін іріктеу болмақ. Аталған ашық турнир әуесқойлар мен кәсіпқойлар арасында өтуде. Кәсібилер үшін нысана қашықтығы 20 метр болса, әуесқойлар үшін нысана қашықтығы – 15 метрді құрайды, дейді ұйымдастырушылар. Аталмыш садақ ату сайысы қаламыздың білім алу ошағында, биылғы жылдың соңғы ойыны – студент Берік Нұржан оқыған академик Е.А.Бөкетов университетінде жалғасын табатын болады. Жарысқа Ақадыр, Қарқаралы, Ақтоғай аудандарының азаматтары мен Сұрыптау бекетінің тұрғындары қатысып, шын мықтыны анықтады. Алғашқылардың бірі болып алаңға Сұрыптау тұрғындары шықты. Ойын тартысты өтті. Алайда бұл жарыста Қарқаралы ауданы, Нүркен ауылының азаматы Мейір Оспанов үшінші орынға табан тіресе, екінші орынға Нұрасыл Оралханның жолы болып, екінші орынға жайғасты. Нұрасыл Мейірұлы жамбы атудан ел чемпионы. Сұрмерген сайысында Қарқаралы ауданы, Бірінші май ауылынан келген Талғат Омарбаев бас жүлдені қолдан бермеді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталып, шара соңы асық ату ойындарына ұласты.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ, «QH»