Көмірмен қамту
Қыс мезгілі тақап қалғандықтан Қарағанды облысының халқы белсенді түрде көмір сатып алып жатыр. Сауда штаттық режимде жүруде, дүрбелең жоқ. Маусымдық сұраныстың артуына қарамастан, бар қорлар жылыту маусымын сәтті өткізуге жеткілікті, деп отыр мамандар.
Облыс бойынша көмір 55 орында сатылады. Қатты отын қоры жеке тұтынушылардың да, бизнестің де сұранысын қанағаттандыру үшін жеткілікті.
– Қазіргі уақытта Қарағанды облысының көмірмен қамтамасыз етілуі 740 мың тоннаны немесе облыс қажеттілігінің 65%-ын құрайды. Қорда 43 мың тонна, оның ішінде Қарағанды бойынша – 17 мың тонна бар. Өңірді көмірмен қамтамасыз етуде ешқандай проблемалар жоқ. Бағаларға келетін болсақ, Шұбаркөл көмірі тоннасына орта есеппен 19 мың теңге тұрады. Мысалы, Пришахтинск ауданындағы сату нүктесінде баға тоннасына 14 750 теңгені құрайды. Бағаның қалыптасуына бірқатар фактор, соның ішінде тасымалдау қашықтығы әсер етеді, – дейді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек.
«ПСВ86» ЖШС көмір қоймасының директоры Никита Аносовтың мәліметінше, күніне 24 вагон келіп, 30-50 көлік жөнелтіледі. Қойма соңғы клиентке қызмет көрсетіп болғанға дейін жұмыс жасайды.
Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ақпаратынша, өткенде «Рапид» компаниясының көмірін сату мәселесі көтерілген. Бұл көмірдің жерасты әдісімен өндірілетінін атап өткен жөн. Осыған байланысты, оның өзіндік құны басқа, ашық әдіспен өндірілетін көмірлермен салыстырғанда жоғарырақ. Сату бағасы тоннасына 24 000 теңгені құрайды.
– Біздің компания ҚР Үкіметімен келісімшарт жасасып, 2001 жылдан бастап жұмыс істейді, біз көмірді бұрын жабық шахталардың орнында жерасты тәсілімен өндіреміз. Жаңа технологиялар қолданамыз. Шығындарымыз жоғары болуына байланысты біздің көмір қымбатырақ. Бағасына қарамастан сұраныс бар, – деп түсіндірді «Рапид» ЖШС директоры Андрей Белов.
Қарағанды облысындағы көмірмен қамтамасыз ету жағдайы толық бақылауда.
Құралай ӘЛЖАППАР, «QH»