Тәттімбет атындағы өнер колледжінде Мейірхан Адамбеков сыныбы ашылды
Тәттімбет атындағы өнер колледжі «Дәстүрлі ән айту» бөлімінің 30 жылдық мерейтойына орай, бөлімнің негізін қалаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков атындағы сынып ашылды. Салтанатты шараға Қайрат Байбосынов бастаған ән өнерінің алыптары мен зиялы қауым өкідері қатысты.
– Мейірхан Адамбеков атындағы сыныптың ашылуы өте құптарлық, жақсы ойластырылған нәрсе. Себебі, Мейірхан халыққа белгілі әнші, ұстаз болды, – деп атап өтті Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосынов.
Сыныптың ашылуының Ұстаздар күні қарсаңында өтуі де кездейсоқ емес, сыныпты ашуға Мейірхан Адамбековтің шәкірттері мұрындық болған екен. Бұл олардың ұстазға деген құрметтері.
– 1994 жылы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мейірхан Адамбеков пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жақсыкелді Кемалов «Домбырамен ән айту» сыныбының негізін қалаған. Бүгінде сол бөлімге отыз жыл толып, сол мерейтой аясында колледжімізде Мейірхан Адамбеков сыныбы ашылды. Шараны ұйымдастырушылар бөлім ұстаздары Жақсыкелді Кемалов бастаған Сержан Мұсайын, Дәуренбек Аркенов, Гүлмира Тапай, Әбдіғалым Азат, Шыңғыс Сәрсенбай. Сол отыз жылдан бері бітірген түлектердің қатысуымен шағын концерт өтті. Бүгінде сол түлектеріміз халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттары атанып, бүгінгі еліміздің түкпір-түкпірінде өнер саласында қызмет етуде, – деп атап өтті Тәттімбет атындағы өнер колледжінің «Дәстүрлі ән айту» бөлімінің ұстазы Сұлтан Тлеубеков.
– Мейірхан ағаның атына арналған осы тақтайшаның өзі естелік. Бұл балалар, кейінгі шәкірттеріміз осы сыныпта өздеріне қандай ауыр жүк жүктелгенін сезінетін болады. Яғни қазақтың ұлттық өнері, әннің жүгі соларға жүктеледі, – дейді «Құрмет» ордені иегері Сержан Мұсайын.
Мерекелік шара арқа өнерпаздарының концертімен жалғасты.
Мейірхан Адамбеков – ерен еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін ҚР Тұңғыш Президентінің «Күміс көмей» сыйлығының лауреаты, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Ол «Арқа әншілері» дәстүрлі ән мектебінің үздік орындаушыларының бірі болды, әндерін бірегей, өзіне ғана тән техникамен орындайтын зор дауыс иегері, сондай-ақ Тәттімбет атындағы Өнер колледжінің талантты педагогы ретінде танымал.
Оның ауқымды репертуары қазақ композиторларының 200-ден астам әндерінен құралды. Олардың арасында Біржанның «Айтбай» және «Жалғыз арша», Жаяу Мұсаның «Хаулау», Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөл», халық әндері «Қарағам-ау», «Сұржекен» және тағы басқалары бар. Әндер оның орындауында ерекше шабытпен шырқалды.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»