Бірыңғай есеп күні
Қарағанды облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бірыңғай есеп күні өтті. Қаланың әртүрлі бизнес құрылымы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Кәсіпкерлер мен қауіпсіздік қызмет ұйымдарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Қарағандыда бірыңғай есеп беру күні өтті. Кездесу өңірлердің онлайн-трансляциясымен офлайн форматта өтті. Бұл шара кәсіпкерлер мемлекеттің бақылау-қадағалау функциялары туралы көбірек білуі және өздерінің құқықтық сауаттылығын арттыруы үшін жыл сайын өткізіледі.
– Сіздермен мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелерін талқылаймыз. Залда мемлекеттік бақылау-қадағалау органдары, құқық қорғау органдары, облыстық басқармалар, қалалар мен аудан әкімдіктері және «Даму» институттары бар. Біз кәсіпкерлік ортадағы қолданыстағы заңнаманы бұзу жиі кездесетін бірнеше мемлекеттік органның есептерін тыңдаймыз. Заңнамалық база өзгеруде, ашық диалог режимінде жұмыс істеу барысында, проблемалық мәселелер де туындайды, – деді Қарағанды облысы әкімінің қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ермек Алпысов.
Кездесу Қарағанды облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өтті. Қатысушылар атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі есеп берді. Мәселен, жер ресурстарын басқару департаментінің басшысының айтуынша, 101 мың гектар алаңда жауапкершілігі ҚР жер және әкімшілік заңнамасына көзделген 160 жер заңнамасын бұзу анықталған.
– Тексеру барысында, 101 мың гектар алаңда жауапкершілігі ҚР жер және әкімшілік заңнамасында көзделген 160 жер заңнамасын бұзушылығы анықталды. 59 бұзушыға қарсы әкімшілік іс қозғалып, 7 миллион 310 мың теңгеге айыппұл салынды. Есептік мерзімге оның 6,3 миллион теңгесі өндіріліп алынды. Облыс аймақтарының жергілікті атқарушы органдары қабылдаған шешімдердің заңдылығын бақылау мақсатында, екі қала мен алты ауданда 53 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында бұзушылықтар анықталып, 46 нұсқама берілді. Бүгінгі күні ол нұсқамалардың 40 орындалды, ал 6 Департамент бақылауында, – деп есеп берді Қарағанды облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Арман Ләмбеков.
Жұмыс аяқталғаннан кейін әртүрлі кәсіпорында 1 400-ге жуық тексеру жүргізілді және олардың жартысынан көбінде бұзушылықтар анықталған. Есептен басқа, отырысқа кәсіпкерлік өкілдері қатысты, олар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, бизнесті одан әрі дамыту үшін толық жауаптар ала алды.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»