Уақыт талабы
Жаңа өндірістер ашылып, жаңа нысандар тұрғызылуына орай бізде жыл сайын тоққа деген тапшылық 3 пайызға ұлғайып отыр, дейді АЭС жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілі. Және осындай қажеттілікті ескере, біздің елге тоқ қуатының қосымша өндірісін жасақтау уақыт талабы екені де айтылды.
Тоқ қауіпсіздігіне қатысты мәселе қашанда маңызды. АЭС жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілі ретінде қаламызға келген Ядролық физика институты бас директорының орынбасары Евгений Ермаковтың айтуынша, энергетикалық қауіпсіздік ел дамуына екпін береді. Барлық дамушы ел энергетика саласын бірінші орынға қояды. Бізде жыл сайын тоққа деген тапшылық 3 пайызға ұлғайып отыр. Осындай қажеттілікті ескерсек уақыт өте тіптен бізде тоқ қуаты мүлде болмауы ықтимал, деді ғалым.
– Энергетикалық қауіпсідік барлық дамудың негізі болуы тиіс. Өйткені, энергиясыз өндірісте медицина да, әлеуметтік бағыт та дами алмайды. АЭС құрылысына қарсы тараптар жел энергетикасы, ГРЭС сынды тоқ өндірістерін дамытайық дейді. Бірақ ондай баламалы тоқ көздері үздіксіз энергия өндірмейді. Олардың жұмыс істеу коэффиценті 20 пайыздан 35 пайызға дейін ғана, – деп түсіндірді Ядролық физика институты бас директорының орынбасары, АЭС жөніндегі Республикалық халықтық штаб өкілі Евгений Ермаков.
Евгений Ермаков өз сөзінде баламалы энергия көздерінің тоқ өндіру ауқымын түсіндіріп берді. Мәселен, күн станциясы тәулігіне әрі кеткенде төрт жарым сағат қана энергия өндіреді. Басқа уақытта электр қуатын ала алмаймыз. Жел станциялары да соншалықты уақытта ғана тоқ қуатын шығарады, деді спикер. Тұрақты энергия көздері ретінде бүгінде әлем бойынша атом энергетикасы жасыл энергия ретінде танылған. Екінші тұрақты тоқ көзі көмір, газ станциялары. Алайда көмірді жағып жылу энерго орталықтарының қызметі арқылы тоқ өндіру қоршаған ортаға қомақты шығындылар бөлуде.
– Көмір станциялары туралы бірден айтайын. Ол проблеманы өздеріңіз де білесіздер. Ондай станциялар ауқымды көлемде парникті газды бөліп шығарады. Көмір станциясы қызмет еткен 60 жылда шамамен 7 миллиард тонна шығарынды құбырға бөлінеді, – дейді Евгений Ермаков.
Спикер, жылу энерго орталықтары станциясында жағылған отыннан ауқымды мөлшерде күл шығатыны, ол күл үйіліп, оның құрамында табиғи радиоактивті элементтер де жылдар бойы жинақталатынын да алға тартты. АЭС төңірегіндегі мәселеде кей тарап атом электр станциясын салған күнде де АЭС кәсіпорыны жұмысы барысында қолданылған ядролық отын яки қалдығы жинақталады және ол қауіпті дейді, бірақ бүгінгі таңда ол қалдық емес, ол шығарынды – уран қоры оны өңдеп қайтадан АЭС жұмысында қолдану технологиясы бар, деп қорытындылады Ядролық физика институтының өкілі.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»