Түсіндірме жұмыстары
6 қазан күні Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтеді. Қарағанды қаласында халық штабы осы маңызды саяси оқиғаға байланысты халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл жайында тұрғындардың пікірі қандай?
Қазақстанда АЭС салу мәселесі ұзақ уақыттан бері талқыланып келеді. Елде АЭС салу қажеттілігі энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық даму және экологиялық тиімділік тұрғысынан қарастырылады. Соған байланысты Қарағанды қаласының халық штабы АЭС құрылысы бойынша алдағы референдумға қала тұрғындарын ақпараттандырып «Атом» және «Энергия» деп аталатын қызықты маскоттар әзірледі. Бұл маскоттар тұрғындарға атом энергетикасы және жаңартылатын энергия көздерінің маңыздылығын түсіндіруді көздейді.
– Бүгінде халық штабының волонтерлері қала көшелерінде алдағы референдум бойынша және АЭС бойынша ақпараттық парақшалар таратудамыз және халықты дауыс беруге шақырамыз, – дейді Қарағанды қаласы Халық штабының еріктісі Айдар Қабыкенов.
Халық штабының еріктілері қаламыздың қоғамдық орындарына барып тұрғындарды қызықты түрде ақпараттандырды. Дегенмен халықтың да пікірі сан соқпаққа соғып, алуан пікір айтылды. Бірі АЭС салынуын қолдаса, енді бірі өзінің алаңдаушылығын білдіруде.
– Мен АЭС салынуына қарсымын. Мұндай жолмен электр қуатын арттыру қандай мүмкіндіктер алып келеді? Менің ойымша қуат көзіне ай сайынғы төлейтін ақшамыз сол қалпы қалады, тариф әдеттегідей өсе береді. Еуропа елдерінде жел электр станциялары бар. Неліктен сол секілді қайта табиғи жолмен қуатты арттыруға болмайды, – дейді қала тұрғыны Әсия Қанайбекова.
Қарағанды қаласының тағы бір тұрғыны Жаңалық Байдильдина болса АЭС салынуын дұрыс деп санайды. Қоршаған ортаға зияны келмес үшін құрылғылар тұзбен суытылу керек деген пікірін қалдырды.
– Қазақстанда АЭС салу туралы шешім қабылданатын уақыт келді деп ойлаймын. Ол салынса, халыққа жұмыс табылады. АЭС салу энергетика саласында үлкен серпіліс тудырып, нарық пен халық үшін тиімділік орнайды, – дейді Жаңалық Байдильдина.
География ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Айсұлу Құсайынова АЭС салудың энергетикалық қауіпсіздік пен экология тұрғысынан тиімді шешім болатынын атап өтті. Ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, АЭС маңызын түсіну қажет деп есептейді.
– Атом электр станциясын Қазақстанда салу – қауіпсіз. Санитарлық қорғау аймағы 3 км аспайды. АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз осы асқақ арманымызға қарай қадам жасаймыз. Біз елдің энергетикалық тұрғыдан тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалатыны анық, – деді Айсұлу Құсайынова.
АЭС салу мәселесі Қазақстан үшін маңызды әрі жауапты шешімдердің бірі болып қала бермек. Референдум нәтижесі Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындауда маңызды рөл атқарады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»