АЭС салу турасындағы түсіндірме

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Серік Егізбаев пен Жигули Дайрабаев өңірлерге іссапары аясында Қарағанды медицина саласы өкілдерімен кездесті.

Халық қалаулыларының Қарағандыға келуінің басты себебі – алдағы референдум, оның ішінде АЭС тұрғызудың маңызы туралы халықты ақпараттандыру. Жалпы алғанда 32 мемлекет АЭС-ын тұрғызып, қазіргі таңда басты энергия көзі етіп отыр. Осы ретте мәжіліс депутаттары Қазақстанға бұл станцияның неліктен қажет екенін баса айтты.

– Жұмыс істеп жатырмыз дейді, жарық сөніп қала береді. Жарық әртүрлі жағдайда сөніп қалады ғой. Сол кезде бірталай шығынға түсіп кетеді. Жарық сөніп қалса, өмір тоқтап қалғандай болады. Үйімізге келгенде жарық сөніп қалса, біздің тоңазытқышымыз жұмыс істемей қалады, не балаларымызға тамақ істей алмай қаламыз. Ол экономиканы түсіну бізде солай. Жаңағы үлкен экономиканы қарасақ, біздің электр қуатымыз тоқтап қалса, біздің өндірістеріміз тоқтайды ғой, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев.

Ал Чернобыль мен Фукусимадағы жағдайдың қайталанбауына кім кепіл деген сұрағымызға депутат былайша жауап берді:

– Чернобыльдағы жағдай қайталанбауына біздің ғалымдар кепіл. Біздің еліміздегі ғалымдар, әлемдегі ғалымдар, олар әрине бәрін зерттеп, одан өздерінің шешімдерін шығарды. Сондықтан Чернобыльдағы АЭС реакторы мүлдем басқа буын деп атайды, біздің қазір көздеп отырған технологияларымыз әлде қайда басқаша, оның қауіпсіздігі өте жоғары деңгейде. Біз шешімді жаңа қабылдап жатырмыз, технология бойынша АЭС салуға кемінде он жыл керек. Он жыл өткенше технология алдыға қарай озып, дами түседі.

Өз кезегінде Жигули Дайрабаев әлемдік АЭС-тарды мысалға келтіріп, бұл елдер өздерін 100% электр энергиясымен қамтамасыз етіп, ел экономикасының өсуіне жақсы құрал ретінде пайдаланғанын атап өтті.

– Сондықтан бізде көп мүмкіншілік бар, біз енді болашақты да ойлауымыз керек қой. Біз қашанғы біреуге тәуелді боламыз. Сондықтан бір нәрсе жасауымыз керек емес пе? Болашақ ұрпақ үшін, бұл жерде мен мәселен, сол энергетик немесе атом өнеркәсібі жөніндегі маман емеспін. Мен енді ауылшаруашылығы жөніндегі маманмын, бірақ біз де мамандармен ақылдасамыз, мамандардан сұраймыз. Ол кісілердің айтқан уәждеріне, қойған талаптарына құлақ асамыз, – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев.

Кездесу барысында депутаттар, атом энергетикасы саласының мамандары, қоғам белсенділері, жиналған жұртқа АЭС салу артықшылықтары, оның экономикалық және өндірістік ықпалы мен тиімділігін кәсіби тұрғыда түсіндірді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»