Сәкен театры жаңа маусымын ашты

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры жаңа, 93-ші театр маусымын ашты.

Ашылу маусымына орай өткен баспасөз мәслихатында 1994 жылдан 2009 жылға дейін Қарағанды қаздрамтеатрының бас режиссері және көркемдік жетекшісі қызметін атқарған Әлімбек Оразбековтың «Режиссер» кітабы таныстырылды.

– Кітапта режиссердің бұрынғы жұмыстары, сондай-ақ ол туралы жазылған мақалалар мен естеліктер жинақталған. Кітап Әлімбек Оразбековтің 70 жылдығына орай жарық көрді, себебі оның 15 жылға жуық жұмысы С.Сейфуллин театрына тиесілі. Онда ол «Домалақ ана», «Ана – Жер-Ана», «Абай және Әбіш» және т.б. спектакльдер қойды. Сондай-ақ Әлімбек Оразбеков қарағандылық көрермендерге өз пьесасы негізінде қойылған «Бір түп алма ағашы» спектаклімен кеңінен танымал. Ол кісі К.С.Станиславский атындағы орыс драма театрында қойылымдар қойды. Қазіргі уақытта Әлімбек Оразбеков Алматыдағы М.Әуезов атындағы ұлттық қазақ драма театрының режиссері болып жұмыс істейді, – деді қаздрамтеатрдың директоры Құрман Қалымов.

Айта кетейік, биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, публицист   Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл, ал Қарағанды театрының ақын есімін иеленгеніне – 60 жыл. Осыған орай көрермендер назарына жаңа маусымның ашылуында Сәкен Сейфуллиннің әндері мен өлеңдеріне театрландырылған қойылым ұсынылды.

Сәкен театры өзінің 93-ші театр маусымын Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясымен ашты. Қоюшы-режиссері театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»