Реформа жүргізілді
Еңбек инспекциясы енді облыстық әкімдікке емес, тікелей Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне бағынады. Неліктен олар бұл реформаны жүргізді және бұл Қарағанды облысының еңбекке қабілетті тұрғындары үшін жақсы жаңалық па?
Қарағандылықтар үшін еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты ештеңе өзгерген жоқ. Олар әлі де еңбек инспекциясына жүгінуі керек. Бірақ енді бұл облыстық басқарма емес, департамент болады және ол тікелей Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, дәлірек айтсақ, оның жанынан құрылған комитетке бағынады, 2013 жылға дейін де осылай болған. Соңғы 10 жылда, Еңбек министрлігінің мәліметтері бойынша, тексерулер саны 10 есе, ал анықталған бұзушылықтар саны 2 есе азайған.
– Еңбек инспекцияларының тиімділігі төмен. Екіншіден, еңбек инспекциялары өндірістік жарақаттануды жасырады. Мысалы, халықаралық тәжірибеге сәйкес, бір өлімге 500 жеңіл жарақат келуі керек. Біреу бір жерін сырып алды, біреу мүгедек болып қалды дегендей. Ал бізде бұл көрсеткіш – 1:7, ал 1:500 болуы тиіс. Айырмашылық үлкен, көріп тұрсыздар. 11-12 есе. Бұл дегеніміз – кімдіктерде жазатайым оқиғалар жасырылып жатыр. Үшіншіден, жалақы бойынша қарыздарды, аймақтағы еңбек қақтығыстарын жасыру, – деді ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің басқарма басшысы Сәрсен Дүйсенов.
Осының барлығы мемлекеттік құрылымдардағы кадрлардың көп айналымына алып келеді. Соңғы жылдары қызметкерлердің жартысы ауысып кеткен. Сонымен қатар, мұндай ведомстволық бағыныштылық халықаралық нормалар талаптарына сай. Қазақстандағы еңбек құқықтарының ең жиі бұзылуы жалақының кешіктірілуі, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек шартының болмауы. Жиі жұмыс берушілер өндірістік жарақаттарды тұрмыстық деп көрсетеді, осылайша жұмысшыға өтемақы төлемейді. Адвокат Илья Махловтың бақылауы бойынша, бұл әсіресе ірі кәсіпорындарда жиі орын алады.
– Жұмыс орнында жарақат алған кезде елемеуге болмайды. Жұмыс орнынан бірден кетпей, жедел жәрдемді сол жерде шақырту керек және міндетті түрде кейін еңбек инспекциясына жүгіну қажет. Үйге кетпеу керек. Көбінесе жарақат алған жұмысшыны үйіне жеткізіп тастап, «үйде демалып жат, жедел жәрдемді үйге шақыр» деп айтады, – дейді адвокат Илья Махлов.
Жас ерекшелігі мен діни көзқарастар бойынша кемсітушілік бар. Жұмыс берушілер қарт қызметкерлерді немесе орамал таққан әйелдерді жұмысқа алғысы келмейді. Шағын бизнес көбінесе ресми түрде жұмысқа да алмайды.
– Бұл салықтардың жалақыдан 45-48% құрайтындығынан орын алады. Бұл өте көп. Әсіресе жеңілдетілген салық жүйесімен жұмыс істейтін ЖК-лер бұл шығындарды шегере алмайды, өйткені, олар айналымнан тек 2% салық төлейді. Конвертпен жалақы беру және осы 47%-ды «үнемдеу» шағын бизнесте өте жиі кездеседі, әсіресе қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін бизнесте, – деп атап өтті рекрутингтік агенттіктің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Алма Жандаулетова.
Бүгінгі күні тексерулерге мораторийлер жоқ, сондықтан еңбек инспекцияларының қолы бос, дейді заңгерлер. Дегенмен, олардың құзыретіне тек жұмыс берушілерге айыппұл салу ғана кіреді. Қалған еңбек мәселелерін сот арқылы шешуге тура келеді.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»