Мықты мемлекеттің кепілі
Қарағанды қаласының Достық үйінде отбасы, махаббат және адалдық мерекесі атап өтіліп, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Шараның мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеп, өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту. Бір шаңырақ астындағы берекелі өмір сүрудің маңыздылығын және отбасы мәртебесін арттыру.
Отбасы – көптеген әлеуметтік қызметті атқаратын қоғамның іргелі негізі, олардың ең маңыздысы, балалардың дүниеге келуі мен тәрбиесі. Өйткені, қоғамды жаңғыртатын отбасы, ең алдымен отбасында мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтар, адамгершілік нормалар, отбасылық дәстүрлер, жалпы қабылданған ұғымдар – ар-намыс, ізгілік, әділдік бала бойына сіңіріледі. «Мерейлі отбасы» байқауы осының айғағы. Күні кеше қаламыздың Достық үйінде Отбасы күніне орай, «Мерейлі Отбасы-2024» байқауының облыстық кезеңінің марапаттау шарасы өтті. Аталған байқауға 24 отбасы қатысқан болатын. Шараның басты мақсаты – отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту. Бір шаңырақ астындағы тату-тәтті өмір сүріп жатқан, шаңырақты биіктетіп отырған адамдарды қолдау, мұндай өмірлік қағиданы барша халыққа насихаттау.
– Бұл байқаудың өтіп жатқанына 10 жылдан асты, «Мерейлі отбасы» деген атауының өзі бір керемет. Шараға қатысып отырған әр отбасыға, ең біріншіден мемлекет тарапынан, өзімнің атымнан үлкен алғыс айтқым келеді. Қазақ айтқандай, ата-әжесін сыйлаған. Сіздерге қарап, бүгін біздің мемлекетіміздің болашағы зор, тұғыры нық екендігіне көзіміз жетіп отыр, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Балаларды имандылық рухында тәрбиелеу және олардың бойында отбасылық құндылықтарды дамыту – «Мерейлі отбасы-2024» облыстық байқауының басты өлшемі. Байқауға қатысушылар өздерінің хоббилері мен үй тіршілігі туралы: отбасылық ошақтарды қалай сақтайтындары, аспаздық шеберліктерін қалай дамытатындары туралы айтып, жетістіктерімен бөлісті.
– Облыстық байқау өткізіліп отыр, 400-ден астам отбасы әр аудан, ауылдан қатысқан болатын. Конкурс жеңімпаздарынан екі отбасыдан біздің облыстық комиссияға жіберілді. Үлкен отбасы, балалары жан-жақты, тәрбиелі, үлгілі отбасыларды біз барынша насихаттауымыз керек. Бұл ұлттық құндылықты дәріптейтін байқау, – дейді Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 24 отбасының ішінде өнерлерімен әділ қазылар алқасын таң тамаша еткен Батырбаевтар әулеті. Тамыры тереңге жайылған әулетті Бахтияр отағасы бастап келді. Бұл жанұя құрыш қала Теміртаудан келіп отыр. Бұл әулиеттің барлық перзенті өнерден кенде емес көрінеді.
– Бүгінгі байқау, қолайлы, жақсы бір кезеңге сәйкес келіп отыр. Біріншіден, біз жақында ғана немерелі болдық. Бүгін сол немеремізді қырқынан шығарған күн. Мұны да бір жақсылыққа балап отырмыз, екіншіден, кеше ғана Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауы болды. Біз оны да жақсылыққа балаймыз, себебі, әрбір отбасыда татулық пен амандық болса, елімізде де татулық, бірлік, береке болады. Жолдауда бірқатар тапсырма айтылды. Қала өмірі жақсарып, өзгерістер орын алды. Бірнеше кітап пен өлеңдер жаздым. Жақында Теміртау, Нүркен Әбдіров пен Рақымжан Қошқарбаевқа арнаған әнім жарық көрді, – дейді байқауға қатысушы Руза Алдашева.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, естелік сыйлықтармен марапатталды, әрине, әрбір отбасы қуаныш пен жағымды эмоцияларға бөленді. 3-орынға Бұқар жырау ауданынан Асқаровтар отбасы тұрақтаса, 2 орынға Родин әулеті ие болды. Ал 1 орынды Осакаров ауданынан Олжабековтер әулеті жеңіп алды. Байқауда топ жарып, Астана қаласында Қарағанды облысының намысын қорғайтын Балқаш қаласының тұрғындары Халабаевтар отбасы Гран-при иегері атанды. Шара барысында ән мен жырдан шашу шашылып, ұлттық құндылықтарымыз насихатталды.
– «Мерейлі отбасы» байқауына биыл бірінші рет қатысып отырмыз. Комиссия мүшелері бізді жеңімпаз деп таныған екен, алғысымызды білдіреміз. Байқау – отбасы құндылықтарын дәріптейді. Отбасындағы ата мен әже тәрбиесі, әке мен бала қарым-қатынасы, ана тәрбиесі секілді құндылықтарды басқа отбасыларға көрсететін – ұлттық жоба, – дейді «Мерейлі отбасы» өңірлік байқауының Гран-при иегері Арайлым Халабаева.
ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»