Қолайлы орта құру

Қарағанды облысында ерекше балалар үшін қолайлы орта құруға үнемі көңіл бөлінеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары мен өңір басшысының кезекті кездесуі өтті, бірқатар дүние талқыланып, мәселелер көтерілді.

Өңір басшысы әрдайым ерекше балалардың ата-аналарымен кездесулер өткізеді. Мақсаты – отбасылардың туындайтын қажеттіліктері мен мәселелерін жеке тыңдап, сұраныстарын білу. Әдетте, мұндай кездесулерде көпшілікке қатысты сұрақтар талқыланады. Және көбінесе әртүрлі ведомство мен қызметтердің өкілдерімен шешім жолдары талқыланып отырады. Қазіргі таңда мүгедектігі бар жастарды жұмысқа орналастыру өзекті тақырып болып қала береді. Бүгінде бұл бағытта жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Мәселен, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің базасында мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіптік даярлауға арналған Ресурстық орталық іске қосылды.

– Қарағанды қаласының орталық саябағының тапсырысы бойынша адаптивті негізгі білім беру бағдарламасы әзірленді. Онда көгалдандыру ісінің маманын дайындайды. Курсты тәмамдаған жастар арнайы сертификаттарға ие болып, орталық саябаққа жұмысқа орналаса алады, – дейді Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

Сондай-ақ жұмыс берушілер тізімі бар мобильді қосымшаны құру және іске қосу жоспарлануда. Онлайн режимінде бос орындар туралы ақпарат алуға және кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуге өтініш беруге болады. «Террикон алқабы» базасында мүгедектігі бар және оларға күтім жасайтын адамдардың цифрлық кәсіптеріне оқыту жалғасуда. Қазір екінші ағынға өтінімдер қабылданып жатыр. Ата-аналар мүгедектігі бар студенттерге дуальды оқыту алаңдарын құруды ұсынды. Бұл оларға колледжді бітіргеннен кейін жұмыс табуға көмектеседі. Өңір басшысы тек Қарағандыда ғана емес, барлық жерде мүгедектігі бар балалардың ойын ойнауға ортақ орны болуы тиіс деді. 2 сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде денсаулық сақтаудың маңызды мәселелері көтерілді және спортты шетке қалдырмады.

– Біз қазір спортшылармен команда жасап жатырмыз. Біздің облысымызда қазір әртүрлі спортакиада өтіп жатыр. Және сол жарыстарда балалар, жастар, ересектер, 18 жастан асқан ерекше балаларды көргіміз келеді, олардың бәріне қолдау болса дейміз, – деп ерекше баланың анасы, «Batyl jureq» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гаухар Акижанова өз тілегін білдірді.

Қорыта келе, облыс әкімі: «Көптеген мәселені жергілікті жерлерде шешуге болады, сондықтан оларды облыстық деңгейге шығарудың қажеті жоқ. Мүгедек балалардың ата-аналарымен кездесуге уақыт бөліңіз. Біз осындай отбасыларға көмектесуіміз керек және міндеттіміз!» – деп атап өтті.

ЖҰПАР ТОНТАЙТЕГІ, «QH»