Сырқаттың алдын алу

Маусымдық сырқаттың алдын алу үшін Қарағанды облысында 15 қыркүйектен тұмауға қарсы иммундау жұмысы бастау алады. Жергілікті бюджет есебінен 173 мың доза мөлшерінде тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасын сатып алуға келісім шарт жасалуда.

Әдеттегідей күз айларында, қыркүйектің соңынан сәуір айына дейін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркеледі. Осынау эпидемиологиялық кезеңдерде тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар және коронавирустық инфекция бойынша санитариялық-профилактикалық эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы қаулысы қабылданды. Бекітілген құжат негізінде білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда сақтық шараларын таныту талабына назар салынбақ. Оқушыларға, қызметкерлерге күнделікті қатысу мониторингін жүргізу және медициналық ұйымдарды ақпараттандыру керек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин баяндады.

-Тұмаудың алдын алудың ең тиімді әдісі — вакцинация. Қарағанды облысында 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы иммундауды бастау жоспарлануда. Осы мақсатта жергілікті бюджет қаражатынан 173 мың доза мөлшерінде тұмауға қарсы «ГРИППОЛ» вакцинасын сатып алуға келісімшарт жасау рәсімдері жүргізілуде. Вакцинацияны ақысыз негізде медицина қызметкерлері, денсаулық жағдайы бойынша тәуекел тобына жататын, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған адамдар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция қаупі жоғары адамдар ала алады, -деп түсіндірді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Статистикаға тоқтала кетсек, 2023-2024 жылдардағы егу науқанында облыс халқының 14,8%-ы тұмауға қарсы иммундаумен қамтылған, барлығы 176 310 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 20 714 бала егілді, бұл тұмаумен сырқаттанушылықты 73%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Естеріңізге сала кетейін, тұмау — ауа тамшылары арқылы берілетін тұрғындар арасында, әсіресе балалар ұжымдарында өте тез таралатын жедел вирустық ауру. Барлық жастағы адамдар тұмау вирустарына сезімтал. Бұл ауру өте жұқпалы және кейде эпидемия немесе пандемия сипатында болады. Тұмау вирусы асқынулардың тез дамуымен сипатталады, сондықтан жоғары температура, бас ауруы, бұлшықет ауруы, жарыққа сезімталдық және басқадай алғашқы белгілер пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну маңызды. Тұмаудың алғашқы белгілері ағзаға түскен вирустық бөлшектердің санына, адамның иммундық жүйесінің күйіне, сондай-ақ вирустың түріне байланысты. Инфекцияны жұқтырғаннан бастап оның алғашқы белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан бастап бірнеше күн (орта есеппен 2-4 күн) өтеді. Аурудың белгілері өте тез дамиды, сондықтан науқас әрдайым аурудың басталу уақытын дәл көрсете алмайды. Шұғыл көмекті қажет ететін симптомдар туралы есте ұстаған жөн: 38°С және одан жоғары температура, ол 3-5 күннен ұзаққа созылады, бастың қатты ауруы (ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдағаннан кейін де басылмайды), ентігу, сананың бұзылуы, құрысулар. Балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ денсаулық сақтау мамандары және жұмысы науқас тұрғындармен жиі байланыста болатын адамдар жедел вирустық инфекцияларды жұқтыру бойынша ерекше қауіпті топтарға жатады. Сонымен қатар, уақтылы вакцинация алу аурудың және асқынулардың ауырлығын азайтады.

-Коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы қысқаша айтқанда қанағаттанарлық деп саналады. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық 13,7 есе төмендеді, ағымдағы жылдың 7 айында 68 жағдай тіркелді, -деді Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин.

Өзіңізді аурудан қорғаңыз және деніңіз сау болсын!

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»