Көркемсөз оқу шеберлері
Қарағандыда Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Байқау 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл оған Балқаш, Приозерск, Саран, Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарынан 16-35 жас аралығындағы 30-ға жуық көркем оқу шебері қатысты.
– Бұл байқау бізде 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатыр дәстүрлі түрде. Жылдан жылға қатысушылар саны артуда, бұл жастардың әдебиетке деген, жалпы көркемсөз шеберлігіне деген қызығушылықтарының арқасы деп ойлаймыз. Биыл Абай күндері ерекше өтуде, республикадан арнайы тұжырымдама келді, облыстық шаралар жоспары бекітілді. Біздің басқарма Абай күніне орай «Тіл жанашырларының құттықтау» челленджін, сұрақ-жауап секциясын өткізді. Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы осы шаралардың қорытындысы деп айтуға болады, – дейді тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Сәуле Нелдібаева.
Сайыс екі кезеңнен тұрды: поэзия және проза. Бірінші «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты турда қатысушылар Абай өлеңдерін немесе Абай шәкірттерінің шығармаларын жатқа оқыды. Екіншісі, «Абайдың қара сөздері» турында Абайдың қара сөздері немесе Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты белгілі қазақ жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқылды.
– Абай оқуларына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің ақыл-кеңесі арқылы келіп, қатысудамын. Жалпы Абай оқулары, басқа да осындай байқауға үшінші сыныптан қатысып келемін. Биылғы қалалық байқаудан үшінші орын алып, осы облыстық кезеңге өттім. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты өлеңі мен екінші қара сөзін алып келіп отырмын. Абай шығармашылығы, оның өлеңдері мен қара сөздері оңай тілмен жеткізетіндігімен және де бір сөзінің астарында қаншама ой жататындығымен мықты деп ойлаймын. Жастар мұны оқу керек, себебі, онда біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, ата-бабаларымыздан келе жатқан көптеген дүние жатыр. Мұндай байқаулар қажет және жастар көптеп қатысу керек деп санаймын, – дейді байқауға қатысушы, қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Қарлығаш Турағұл.
Байқау жеңімпаздары әділқазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталды. Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде:
— шығарма мәтінін оқу шеберлігі;
— дауыс мәнері, әуезділігі;
— шығарманы таңдау талғамы;
— сахналық образдың үйлесімдігі бағаланды.
Нәтижесінде бірінші орынды Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының клуб ұйымдастырушысы Ботахан Мәтелов иеленді.
Екінші орынды Шет аудандық орталық кітапханасының қызметкері Бақдәулет Көпбаев пен Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Төлеген Қозы бөлісті. Үшінші орында Саран қаласының тұрғыны Ирина Девевье, Қарағанды қаласының №61 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Алина Наурызбаева және Ақтоғай аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкері Әли Сейдіғали.
– Қарқаралыда дүниеге келдім, бала кезімнен қазақ тілін жақсы білемін. Отбасымызда қазақ тілінде сөйлейміз. Қазақ дәстүрлерін көріп өстім. Мектеп кезімнен көптеген осындай байқауға қатысып келемін. Байқауға Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін және бірінші қара сөзін дайындап келдім. Абай шығармаларымен бала кезімнен таныспын, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі осының бәрін менің бойыма сіңіріп, дәріптеді, бірнеше өлеңдерің жаттатқызып түрлі байқауға қатыстыратын. Әрине мұндай байқаулар қажет, қазіргі жастарға бұл үлгі өнеге, Абай өлеңдерінің өзінде терең мағына, терең түсінік, терең ой бар. Бүгінде көптеген өзге ұлт өкілі бар қазақ тілінде сөйлейді, осындай байқауларға қатысады, көзқарасым жақсы, қазақ тілін меңгеру керек, оқу керек, дамыту керек, – дейді Саран қаласының тұрғыны Ирина Девевье.
Жеңімпаздар дипломдармен, Абай шығармалар жинағымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал барлық қатысушыға алғысхаттар табысталды.
Конкурсты ұйымдастырушы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы.
Байқаудың мақсаты – жастар арасында қазақ халқының әдеби мұрасын дәріптеу, Абай шығармаларын дәріптеу арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның мәртебесін арттыру, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікті арттыру.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»