Қарағанды облысында санитарлық нормаларды бұзғаны үшін 15 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды

Қарағанды полицейлері абаттандыру ережелерін бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстарын жалғастыруда. 15 сәуірден бастап «Таза Қазақстан» экобағдарламасы басталғаннан бері санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 15 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды.

Барлық меншік нысанындағы объектілер бойынша полицейлер жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге кешенді рейдтер жүргізуде. Абаттандыру, тазалау, көгалдандыру және т. б. бойынша түсіндіру жұмыстары өткізілуде.

– Бағдарлама басталғаннан бері санитарлық нормалар ережелерін бұзғаны үшін 15 мыңнан астам әкімшілік хаттама құрылды, – деп хабарлады облыс полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров. – Шамамен 37 млн теңгеге айыппұл салынды. Ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына қатысты 3082 әкімшілік хаттама жасалды. Бұл сауда үйлері, дүкендер, фаст-фуд кафелері, ойын-сауық орындары, жанармай құю бекеттері және басқа да нысандар.

Аулалар мен кіреберістерді тиісінше тазалықта ұстамағаны үшін 115 ПИК төрағасы және үй (кіреберіс) бойынша 33 жетекші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті барлық қалалар мен аудандарда сайттар құрды. Олардың көмегімен азаматтар полицияға әр түрлі абаттандыру ережелерін бұзу туралы хабарлай алады.

Мәселен, Қарағандының 21-ші шағын ауданының тұрғындарының өтініші бойынша шөп басып кеткен балалар алаңының баланс ұстаушысына 110 мың теңгеге айыппұл салынды. Полицияға барлығы 250 осындай хабарлама келіп түсті.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша