Қарағандыда қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылды
Қарағандыда, Костенко атындағы шахтаның аумағында қаза тапқан кеншілерге арнап орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Өткен жылдың 28 қазанында 46 кеншінің өмірін қиған апат орын алған болатын.
Кеншілердің туыстары мен әріптестері, билік өкілдері, Qarmet компаниясының басшылығы көз жұмған шахтерлерді еске алып, гүл шоқтарын қоюға жиналды.
– Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға қарағандылықтардың ғана емес, барлық қазақстандықтың жүрегінде терең із қалдырды. Бұл орны толмас қайғы. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтқым келеді. Сол күндері Мемлекет басшысы жақындарынан айырылған отбасыларды қолдау үшін Қарағандыға жеке өзі келді. Біз әр отбасына қажетті қолдау мен көмек алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мемлекет басшысы біздің облысқа соңғы сапары барысында кеншілер үшін еңбек қауіпсіздігі мен лайықты жұмыс жағдайларын қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін тағы да қайталады, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мемориалдың авторы қарағандылық мүсінші және суретші Игорь Баграмов болды.
Габбро қара граниттен жасалған ескерткіш белгісі кеншілердің кенжарға кетіп бара жатқанын білдіреді.
Үш метрге жуық құрылымда қаза тапқан 46 кеншінің есімі ойылып жазылған. Айналасы абаттандырылған, шатырлары бар орындықтар орнатылған, жарықтандыру бар. Периметрі бойынша 46 жас ағаш егілді.
Жақында Қарағанды қаласының орталық саябағында Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерге тағы бір ескерткіш орнатылды. Оны мүсіншілер Игорь Баграмов пен Тарас Кишкарев жасады. Биіктігі үш метрден асатын ескерткіш кеншінің бейнесін бейнелейді. Ол 2006 жылы қаза тапқан кеншілерді еске алуға арналған ескерткіштің жанында орналасқан.
Қарағанды облысы әкімдігі сайтының ақпараты негізінде