Qarmet компаниясының жұмысшысы республикалық жастар сыйлығының лауреаты атанды

Qarmet көмір департаментінің жерасты электрослесары Руслан Ғұмаров Jas keñes syilyğy тәуелсіз жастар сыйлығының жеңімпазы атанды. Бас жүлде миллион теңгені 23 жастағы жігіт ЖОО-да оқуға жұмсамақшы.

Руслан Гумаров компанияда 5 жыл жұмыс істейді. Саран техникалық колледжін «жерасты электрослесары» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасқан. Жұмыс барысында Шахтинск технологиялық колледжінде электромеханик болып сырттай оқыған.

– Қазір Қазақстанда техникалық мамандардың тапшылығы байқалады. Мен әрқашан жұмысың болуы үшін және сені бағалау үшін кәсіпқой болу керек екенін түсіндім. Мен көмір бөліміндегі электр жабдықтарымен айналысамын. Шахталардағы технологиялар күрделі және ең озық, сондықтан жабдық өте қызықты. Жұмыс ұнайды, – дейді Руслан.

Jas keñes syilyğy сыйлығы конкурсына Қазақстанның 800-ге жуық жас маманы қатысты. Байқауда жеті аталым болды, олардың әрқайсысында екі жеңімпаз анықталды. Қарағанды облысынан тек Руслан Ғұмаров сыйлық үшін күрескен. Ол «Өнеркәсіп» аталымы бойынша қатысты. Мұнда ең үлкен бәсекелестік болды. Өтінімдерді 127 адам, оның ішінде тау-кен металлургия кешенінің, өңдеу өнеркәсібінің, агроөнеркәсіп секторының, тамақ өнеркәсібі мен энергетика секторының қызметкерлері тапсырды.

– Үш кезеңнен өтті, комиссияның барлық сұрағына жауап бердім. Маған қоңырау шалып, жеңдім деп айтқан кезде, бақытымда шек болмады. Менің басшылығым сыйлықты оқуға жұмсауды ұсынды. Мен өзім түсінемін: таңдалған жолда алға жылжу үшін жоғары білімсіз болмайды. Қарағанды техникалық университетіне түсемін. «Өндірістік процестерді автоматтандыру» кафедрасын таңдадым, – деп бөлісті Руслан.

Jas keñes syilyğy Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің бастамасымен құрылды. Оның мақсаты – қоғам үшін маңызды, жұмысы жиі көлеңкеде қалатын жас мамандарды ынталандыру.

Материал Qarmet компаниясының баспасөз қызметінің ақпараты негізінде дайындалды