Дала өрті

Тілсіз жаудан сақ болыңыз! Қаланың Төтенше жағдайлар департаменті орман өртінің алдын алу мақсатында «Орман» акциясын өткізді.

Өткен жылы орман алқаптарындағы өрт оқиғасының 8-і, ал биыл 2-і тіркелді. Жағымсыз статистиканы назарға ала, Қарағандының Төтенше жағдайлар департаменті қаланың барлық құрылымы қатысуымен жалпы жиындар өткізді. Күн тәртібінде табиғатта ТЖ туындаған кезде әрекет ету мәселесі көтерілді.

– Жалпы бұл шараның жоспары ТЖМ және ІІМ сондай-ақ экология министрімен бірлескен жоспар, бекітілген. Осы жоспарға сәйкес, Қарағанды облысының аумағында бүгінгі күні шара өтуде. Мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, орман алқаптарындағы демалушыларға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру. Қандайда бір заң бұзушылықтар орын алса, оларды жауапқа тарту, – дейді Облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы  Аманбек Бейсембаев.

Жиындар Қарағанды қаласының Орман шаруашылығында және осыдан 2 жыл бұрын 200 гектар орман мен саяжайлар өртенген аумақта өткізілді. Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шаруашылық директорының айтуынша, бүгінгі таңда бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

– Оқу-жаттығу жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Профилактикалық шара, орманда өрт болмауын қамтамасыз етеміз. Демалуға келген тұрғындармен сұқбат құрып, жаднама парақтарын таратамыз. Қоқыстарды тазалап кету керектігін түсіндіру, – деп атап өтті Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының директоры Мақсат Мұқанов.

ТЖД қызметкерлері еріктілермен бірлесіп демалушыларды буклеттер, жаднамалар және дрондардың көмегі арқылы қауіпсіздік ережелерімен хабардар етті. Орманнан бөлек, дәл осы шаралар массивтің жанындағы саяжайларда да өткізілді.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ, «QH»