Балдай тәтті — балмұздақ
Күннің ыстығында бала түгілі ересектер де тәтті балмұздақ жеп, салқындағысы келеді. Ал сол біз ұнатқан тәттінің қазіргі таңда, балмұздақ дәмінің 1000-нан аса түрі бар. Әлем бойынша балмұздақ жасаушылар үнемі оның жаңа ерекше рецептілерін іздейді. Олар жыл сайын оның көптеген жаңа түрін ойлап табуда. Қазір балмұздақтың, тіпті, күріш, асшаян, лобстер, авокадо, ірімшік және т.б дәмі бар түрін кездестіруге болады. Әлемде жыл сайын 15 миллиард литр балмұздақ желінеді. Бұл мөлшер 5000 олимпиадалық бассейнді толтыруға жетеді.
Күн ысыса бәріміздің бірден дала кезіп, кешкі серуенге шығатынымыз анық. Саябақтардың іші адамға толып, қала тіршілігіне жан біткендей болады. Осы тұста кешкі серуенде болсын немесе аптап ыстықта денемізді суытатын түрлі сусынмен өнімдер тұтынамыз. Оның ішінде ең танымалы суық сусындар мен балмұздақтар. 6 ай бойы ғимарат ішіне қамалған халық, жаз мезгілінде құйылмалы немесе жұмсақ балмұздаққа жүгіреді. Деседе одан келер қауіпті біле бермейді.
– Жазда балмұздақ – ең танымал десерт. Алайда, жұмсақ балмұздақ құрамында сүт болғанына байланысты өндіріс пен сатудың ерекше жағдайларын сақтау қажет, себебі, бұзылған десерт тек мұңайтып ғана қоймай, тамақтан улануға да әкелуі мүмкін. Автоматтарда жұмсақ балмұздақты дайындау рецептураға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс, ал сатуға оны дайындау орындарында ғана жол беріледі. Құрғақ қоспаны қайда және қандай жағдайда дайындайды, сүттің сапасы, оны сақтау және тасымалдау шарттары, вафли қабықтарын сақтау шарттары, жабдықтар мен құралдарды жуу және өңдеу, дайын балмұздақтың сапасы мен қауіпсіздігі осының бәріне байланысты, – дейді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлжанат Аханова.
Айта кететін мәселе, өнімді қабылдау жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда, сақтаудың температуралық режимі бұзылса, тамақ өнімдерін өндіру және өткізу технологиясы сақтамаса ішек инфекциясына немесе сальмонеллезге әкелуі мүмкін. Сол себепті жұмсақ балмұздақты сатып алар алдында тұтынушылар келесі мәселелерге назар аударған жөн. Бірінші, түрлі-түсті түстері бар балмұздақ – айрықша сары немесе қызғылт түсте болса, онда зиянды бояғыштарға толы болуы мүмкін. Екіншіден, қала көшелерінде және күмәнді нүктелерде сатылатын жұмсақ балмұздақ көбінесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болады. Үшіншіден, жұмсақ балмұздақ сатып алғанда, әр түрлі қораптан балмұздақты алатын қасықтың қай жерде сақталатынын қадағалаңыз – ол суда сақталмауы керек. Төртіншіден, балмұздақтың дәмін татқанда оның бөтен дәмі, жағымсыз иісі болмауына назар аударыңыз. Сапалы балмұздақтың құрылымы қант пен мұздың бөлшектерінсіз, біркелкі болуы керек.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»