«Абай күні» – руханият мерекесі
10 тамыз – Абай күні. Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді.
Абай күні — Қазақстан Республикасының мерекелік күнтізбесіне енген күн. 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын. Бұл мереке осы жылы аталып өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілді. Мереке ресми демалыс күні болып саналмайды.
Абай адамзаттың Абайы. Оның терең пәлсапасы, мазмұнды һәм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мәңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық әндері күллі адамзатқа ортақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп ұлы ойшылдың даналық орнын айқындап көрсеткен.
Расында ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі күні алға қойған міндеттердің бірі. Хакім Абай айтқан ізгі құндылықтар өміршеңдігін жоймақ емес.
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген сөзімен өзіне ескерткіш қалап, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абай әлемі – шексіз әлем.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»