Көшені су басты
Қаламыздың тағы бір көшесін су басты. Екі апта бойы көшені жылғалай аққан су тұрғындардың жертөлелеріне кіріп әбігерге салған. Ал бұл іске жауапты мекемелер жұртшылық шағымына мән бермей отыр.
Қанат Сайлаубаевтың Седова көшесіндегі үйде тұрып жатқанына 20 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында сыртқы аулаға жазғы там салып, жертөлесіне қысқа дайындаған қорларын сақтайтын орын да жасақтапты. Алайда, «Енді қазір бәрі құрдымға кетті» дейді үй иесі. Тұрғындардың айтуынша, жыл сайын көше таза тұратын. Бірақ, осы жолы көшенің жоғары жағынан ылдилай аққан су тек жертөлеге ғана емес, аулаларын да ластап үлгерген. Бір апта бойы күтіп төзімдері таусылған тұрғындар трактор шақыртып өз қолдарымен су арнасын бұруға кіріскен. Бұл амалдары біршама көмектескенмен көліктердің жүру бағытын бұзған көрінеді.
– Әкімдіктен жол салатын адамдар келді. Жағдайды бағамдап, біз жол салмаймыз деп шықты. Өзіміздің мәселемізді шеше алмай отырсақ, ластанған жерді тазалап беріңдер, деп байбалам салды. Оны жауапты тұлғаларға айту керек. Біз не шешеміз? Сен менің үйімді көрсеңдер. Лай батпақтың ортасында отырмын, – дейді Седова көшесінің тұрғыны Қанат Сайлаубаев.
Мәселенің бәрі тесілген құбырда емес болып шықты. Себебі, көктем кезінде қанша қар суы ерісе де ағып кететін, өйткені суағарлар болатын, дейді тұрғындар. Басты себеп тартылған газ құбырында болып тұр. Жөндеу жұмыстары кезінде мердігер компания суағарлар мен арықтарды бітеп тастаған. Судың қай жақтан ағып жатқаны белгілі болды. Бадина көшесінде орналасқан көпірдің астында құбыр жарылып, елді дүрліктірген. Оған жауапты мекеме өкілдері бұл іс, бізге қатысы жоқ деп байбалам салуда.
– Седова және Бадина көшесінің тұрғындарынан бізге шағым келіп түсті. Сол бойынша арнайы жұмыс бригадасы тексеріске шықты. Анықталғандай су ДСК жақтан Бадина көшесіне келіп құюда. Алайда «Қарағанды су» компаниясының ДСК жақта орналасқан ешқандай құбыры жоқ. Десе де тексеріс барысында бұл жерасты суы екені белгілі болды, – деп атап өтті «Қарағанды Су» ЖШС ресми өкілі Марина Богдан.
Алайда тұрғындар судың аяқасты бұлай атқылауы мүмкін емес дейді. Ал бұл мәселе бойынша әкімдік ешқандай жауап қатпады. Келеңсіздіктің шешімі табылмады, тұрғындар дәрменсіз отыр.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»