Құрылысы қажытты
Тағы да құрылыс мәселесі. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының тұрғындары өз ауласындағы бес қабатты ғимараттың құрылысын тоқтата алмады. Дегенмен, жұртшылық құрылыс компаниясы тарапынан белгілі бір жеңілдіктерге қол жеткізді.
– Біз Назарбаев даңғылындағы 63 үйдің қасында тұрмыз, осы жерде үй салынайын деп жатыр. Бұл мәселе бойынша сұрақтар бар, – дейді Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бақтияр Омарханов.
Назарбаев даңғылында тараптардың дау-дамайы туындады. Мұнда шағын бос учаскеде бес қабатты ғимарат салу туралы шешім қабылданған болатын. Онсыз да тарлық етіп тұрған жерді, тағы үй салып одан әрі тұмшалау тұрғындардың наразылығын тудырды.
– Ең бірінші естігенде жаппай қарсы болдық, әрине. Себебі, біз тереземіздің қасынан естілер құрылыс дүмпуіне төзіп отыра алмаймыз. Онсыз да тарсылдаған темірдің, бұрғыланған қабырғалардың дауысын күнде естиміз. Осыны көріп, бәріміз наразымыз. Айналамыздың бәрін шаң басып, тереземізді аша алмай қалдық. Мұның бәрі біз үшін зиян, – дейді Н.Назарбаев даңғылының тұрғыны Ирина Криховетская.
Сонымен қатар тұрғындар егер үй салынған жағдайда аулада көлік кептелістері де жиілеп, төтенше жағдайларда да кедергісін келтіреді дейді. Ал құрылыс салушы компания өкілдері арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеу үшін әкімдікпен, депутатпен бірлесіп халықтың барлық тілек-ниеттерін тыңдап, ескеруді ұйғарды.
– Көбісі жаңа үйлер мен оларда тұратын адам саны көбейгенінен, көлік тұрақтары кептеліп қалады дейді. Бірақ біз оны да ескеріп, автотұрақтардың жаңа, қолайлы жоспарын жасап жатырмыз. Оған қоса аулалардың да дұрыс орналасуын қадағалаудамыз. Бәріне үлгереміз, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.
Тұрғындар мен құрылыс салушылар пікірі өзара қарама-қайшы. Халықтың бұл қарқыны сотқа дейін апарады дейді депутат Бақтияр Омарханов. Сонымен қатар, бұл жерде коммуникацияға да қатысты проблемалар бар, ал желіге қосылатын қосымша жүктеме жағдайды нашарлатуы мүмкін. Негізі 2009 жылдан бастап бұл жерде автотұрақ салынады деп белгіленген, бірақ ол іс жүзінде жасалмады, ал одан кейін 2017 жылы үй салу шешімі қабылданып, 2020 жылы нақты жоспарға енді.
– Олардың ғимарат салуға толықтай құқылары бар және құжаттары да түгел. Құрылыс компаниясы кейбір келісімді өзгертті. Мысалы, үлкен аумақты алмас үшін екі кіреберістің орнына бір кіреберіс салатын болды, – деп тоқталды «Қарағанды қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ басшысы Дәурен Шәкенов.
Басты мәселе мынада: заңнан хабары бар тұрғындар заң аясында әрекет ете бастады. Құрылыс салушының құжаттары түгел, бірақ та жұмысты бастау үшін тегіс халықтың келісімі керек болды. Осы үшін бірнеше жиналыс өтті. Құрылыс жұмысы тоқтап екі тараптың арасындағы мәселенің ортақ шешімін тосып тұр.
– Басында біздің бармаған жеріміз жоқ. Құрылыс орнында да, әкімшілікте де біраз табан тоздырдық. Енді бәрі басқаша болып жатыр. Олар біздің шағымдарды тыңдай бастады. Бүкіл жауаптылар осында. Жаңа жоспарлар жасап, ғимараттың орынын кішірейтіп жатыр, – деді тұрғын Ирина Маленко.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»