Тұрғындар сауалы
Қыстың күні жылуға қатысты қиындықтар туындамас үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Қаламызда кей кездері сезілер жағымсыз иістен арылу жолы қандай, «Боулинг» ғимаратының одан әрғы тағдыры мен облыс әкімі демалысқа қашан шығатыны туралы Ермағанбет Бөлекпаев тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді.
Қала тұрғындарын толғандыратын мәселенің бірі – жылу беру маусымын сәтті өткеру. Өткен қыс айларында облыс орталығында жылу маусымына қатысты айтарлық қиындық туындаған жоқ. Алайда серіктес қалаларда бірқатар кемшілік орын алды.
– Серіктес қалалар Теміртау мен Шахтинскіге қатысты сұрақтар туындады. Балқаш қаласында сумен қамту мәселесі бойынша қиындық болды. Бұл келеңсіздіктер ең алдымен желелердің тозығы жетінен және біздің станциялардың жұмысына байланысты. Жылу маусымы аяқталған кезеңде біз бірден жөндеу жұмыстарын бастадық. Жылу науқанына даярлық бойынша арнайы жоспарымыз да бар, – дейді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысы апта сайын учаскелерді аралап, кездесулер өткізіп, жөндеу компанияларының жұмыс барысын жеке бақылап отырады. Саран қаласында «Теплотранзит» мамандары қатысуымен, орталық қазандықты іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл бұрыннан келе жатқан түйінді мәселені шешуге септігін тигізетін болды. 26 жергілікті қазандықтың орнына екі қазандық жұмысы сапалы ұсынылмақ. Ақтастағы қызандықта тиісті жөндеу жұмыстары жасалуда, көмір мәселесі де шешімін тапқан деді. Қаладағы жауын сулары мәселесін шешер кәріз жүйесі де айтылды.
– Соңғы 2-3 жыл біз ағынды жауын суына қатысты кәріз жүйесін тазарту үшін қомақты қаражат қарастырып жатырмыз. Кәріздік жүйе жылдар бойы тазартылмай бітеліп қалған еді. Кеншілер даңғылына жауын суы іркілу мәселесіне қатысты айтар болсам, ол жақта жекелей кәріздік жүйе тұрғызу керек. Мен өткен жылы жоба жасасын деп тапсырма бердім. Ол жоба даяр болған соң біз жаңбыр суы жүйесінің екінші желісін саламыз. Қала үлкеюде, онсыз болмайды, – деп тоқталды Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс басшысы соңғы кездері ағынды судан теперіш көріп жүрген тұрғындар мәселесі Тәттімбет пен Мұқанов көшесіне қатысты ағынды су қиындықтарына да тоқталды. Ол жердегі жанар-жағармай құю бекетін бұзып, нөсерлі суға арналған арнайы жүйе салады. Айтары кәріздік жүйе жылдар бойы жөнделіп, тазартылмағандықтан қазірде қаламыз үшін басты проблема болып тұр. Сондықтан қазіргі міндет кәріздік жүйелерді жаңғырту қажеттігі туындап отыр. Бұл жаңа жоба айтарлық құны жоғары жоба болатыны айтылды.
– Майқұдықта кәріздік жүйені ретке келтіреміз. Оған қосымша біз қаланың орталық бөлігіне қатысты кәріздік жүйе бойынша жоба жасап жатырмыз. Біз кәріздік жүйені ретке келтіруге кірістік. Негізі осыған дейін жылу және сумен қамту жұмыстарына барынша екпін салып кәріздік жүйеге қаражат жетпеді. Енді кәріздік жүйемен айналысамыз. Қала сыртына жаңа кәріздік тазарту жүйесін салу үшін де қазірде техникалық құжаттамалық негіздеме жасап жатырмыз. Өйткені, қалада сезілер жағымсыз иіс ескірген кәріз жүйесінен шығып жатыр. Осы жұмысты назарға алдық, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Тікелей эфир барысында қаламызда қаңырап тұрған ғимараттар жайы да ұмыт болмады. Өз кезінде дүрілдеп тұрған Фируза, Боулинг ғимараттары мәселесі жұртшылықты алаңдатуда. Ермағанбет Бөлекпаев бұл жекеменшік нысандар деді. Осыған дейін бұл ғимаратарға қатысты құжаттар билік тарапынан тексеріліпті. Бұл нысандарға қатысты қандай да бір әрекетке шектеу қойылған, ғимарат иелерінің бірі іздеуде екенін де айтты. Яки бұл бос тұрған нысандарға қатысты мәселе уақыт еншісінде. Тікелей сұқбат барысында аймақ басшысынан қызметтік демалысы қашан екенің де сұрады. Облыс әкім соңғы төрт жылда демалыста болмадым, әзірше демалыс жоспары жоқ деді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»