Қолөнершілер жәрмеңкесі

Қаламызда қолөнершілер жәрмеңкесі өтті. Сарыжайлау кинотеатрында түрлі әшекей, қолдан жасалған сөмке, тақия, камзол, шапан сынды әртүрлі бұйымды тамашалап, сатып алу мүмкіндігі болды.

Рауза Өтебекова қолөнермен кішкентайынан айналысады. Осы өнерге жастайымнан анам баулыды дейді шебер. Қазір Рауза әжей 73 жаста. Бұл істің өзіне де, денсаулығына да пайдалы екендігін айтуда. Мәселен, моншақтан қол дорба жасау әжейдің есте сақтау қабілетін жақсартуға септігін тигізетініне сенімді.

Виктория Дэй бисерден түрлі әшекей жасайды. Құны да тастың сапасы мен әдемілігіне байланысты. Виктория мектеп жасында бұл істі хоббиіне айналдырған. Жылдар өте сүйікті ісіне қайта оралып, қазір әртүрлі бұйым жасайды. Виктория өз жұмыстарына шыны, фурнитура, металл бал құтысын қолданады.

– Балалы болған соң, еңбек демалысында қолым бос кезде, қайтадан осы сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Мені күнделікті күйбең тіршіліктен шығарып, шығармашылыққа баулиды. Мен үшін бұл күнделікті жұмыстан демалу, жаныма тыныштық сыйлайды, – дейді қолөнерші Виктория Дэй.

Қолөнершілер жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылып тұрады. Соңғы шара 22 және 25 шілде аралығында өтті. Алдағы уақытта қаламызда осындай қолөнершілердің туындысын төмен бағада ұсынатын жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылмақ.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»