«Жастарға жұмыс» бос орындар жәрмеңкесі

Еңбек мобильділігі орталығы Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Қарағанды облысы «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатымен бірлесіп Орталық саябақта «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Онда 40 жұмыс беруші 800-ден астам бос орын ұсынды.

Жұмыс ұсынушы компаниялар арасында «Шұбаркөл көмір» АҚ, «KamaTyres KZ» ЖШС сияқты және басқа да ірі компаниялар да бар.

– Бізде вахталық жұмыс, жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған, жолдары, жатын орындары мен тамағы, барлығы өтеледі. Біздің топ бүкіл Қазақстан бойынша, тек қана Қарағанды облысымен шектелмейміз. Үнемі осындай жәрмеңкелерге қатысып тұрамыз, сондай-ақ жергілікті жұмыспен қамту орталықтарымен де тығыз байланыстамыз. Бүгінде бізде елуден астам бос жұмыс орындары бар, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ өкілі Дамира Төлеуова.

– Мамандарды шақырамыз, бірақ мен оларға айтарым, біздің зауытта жоғары технологиялық қондырғылардың болуынан қорықпаңдар, оларда жұмыс жасауды үйретеміз, арнайы үш айлық оқудан өтіп барып, ол қондырғыларда жұмыс істейсіздер. Бізге қарапайым жұмысшылар және инженерлік-техникалық мамандар қажет. Жұмыста барлық жағдай жасалған, түрлі сыйақы қарастырылған, әлеуметтік жеңілдіктер де бар, жұмысқа дейін және кейін жеткізу де бар. Қазір бізде 566 адам жұмыс істейді, бірақ әлі де жетіспеушілік бар, биылғы жылдың соңына дейін олардың санын 690-ға жеткізу керек, – дейді «KamaTyres KZ» ЖШС өкілі Кенже Тұргушбаева.

Жәрмеңкеге жұмыс берушілерден басқа ҚАЖД, Жеке сот орындаушылары, Қарағанды қаласы бойынша полиция басқармасы, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы қатысты.

– Жәрмеңке жастарға арналған. Біз жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін шақырдық. Оларға мамандық бойынша бос жұмыс орындары, сондай-ақ «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жобаларға қатысу ұсынылды. Статистика бойынша, осындай жәрмеңкелерден кейін 50-ден 100-ге дейін адам жұмысқа орналасады, – деді Қарағанды облысы еңбек ұтқырлығы орталығының директор орынбасары Дәурен Қошқаралиев.

Жәрмеңке қорытындысына сай 270-тен астам тұрғын жұмысқа орналасу бойынша кеңес алды. Jumys Tap жобасы бойынша қысқа мерзімді тегін курстарға 15 адам жазылған.

Келушілерге Кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелері, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламалары бойынша кеңес берілді.

Төремұрат Балтабаев 25 жаста, география пәнінің мұғалімі, мамандығы бойынша жұмыс іздейді.

– ЖОО-ны 2022 жылы бітіргенмін, бірақ бүгінгі күнге дейін мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Енді дипломға сәйкес жұмыс табуды шештім. География пәнінің мұғалімдері қажет мектептерді қарадым. Мұндай жәрмеңкелер жұмыс табуға көмектеседі, – дейді ол.

Іңкәр Қисамедин биыл университетті «радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша бітірген.

– Мен мұндай жәрмеңкеге бірінші рет келіп, мамандық бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Жалақым 150 мыңнан жоғары болғанын қалаймын. Интернеттен жұмыс іздедім, бірақ таппадым: барлық жерде тәжірибе қажет. Мұнда жұмыс таба аламын деп үміттенемін, – деді Іңкәр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да өтетін болады. Бос жұмыс орындарымен enbek.kz порталында танысуға болады.

Jumys Tap жобасы бойынша тегін оқуға Call center немесе консультациялық пункттерде («Таир» СО, «Умай» СО, Пришахтинскідегі «Ёжик» супермаркеті және Теміртаудағы 6-шы шағынаудандағы базарда), сондай-ақ Instagram-да Jumys_tap_karaganda және ctm_karaganda парақшаларына жазылуға болады.

Байланыс телефондары: 8-775-644-35-80, 996-493. Call center: 60-50-50.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»