Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Ұстаздық – киелі әрі өте көне мамандық. Қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да қажеттілігін жоймайтын, маңызды мәселе – ол жас ұрпақты өмір сүруге дайындау, білім беру және тәрбиелеу. Бұл қиынның қиыны. Себебі, әр адам – қайталанбас тұлға. Әр оқушының жан дүниесі, өзінше бір әлем. Бүгінгі ұстаздың міндеті – шәкірттеріне мәлімет беріп қана қоймай, оны білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға ықпал ету керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Бала бойына білім нәрін себетін де, адамгершілік дәнін егетін де тұлға – Ұстаз. Сондықтан да қазіргі ауыл мектебі жағдайында, мұғалім қандай болуы керек деген заңды сұрақ өздігінен туары сөзсіз. Қай кезеңде де жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру, қоғам алдындағы, ең жауапты, маңызды ісі болған және солай болып қала бермек. Сондықтан мемлекетіміздің дамуы, жаңаруы жолындағы жаңалықтары мен түрлі өзгерісті білім саласына өз әсерін тигізуде.

– Бүгінгі бүкіл әлемдік білім беру үрдісіне ұмтылыстар, өзгеріп жатқан, жаңа өмірге бейімделуге қажеттілігі туындап отыр. Осы мәселеге орай мемлекетіміз жас ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлуде. Ұстаз мамандығы – үнемі ізденуді, алға ұмтылуды талап ететіндіктен, өмір талабынан артта қалмаған, үнемі іздену үстіндегі ұстаз ғана шәкірттердің сеніміне ие болып, сый-құрметке бөленбек. Қарағанды облысының ұстаздары өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын талдай білетін, педогогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын, өз ісінің шебері болуы керек, – дейді Ә.Ермеков атындағы ЖОББМ базасындағы тірек мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдыз Бекішева.

Жұлдыз Бексейітқызы бала кезінен ұстаз болуды армандаған.

– Бұл мақсатыма қол жеткізіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде 14 жыл еңбек еттім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Білгенімді Әлімхан Ермеков атындағы тірек мектебі жанындағы интернат КММ арнап жатырмын, педагог-сарапшымын, – деді  Жұлдыз Бекішева.

Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Осы орайда, Жұлдыз Бексейітқызы жас ұрпақтың санасына ғибрат сіңіруге саналы ғұмырын сарп еткен, абайтану саласына салмақты үлес қосқан, еліміздің еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның да еңбегі жайлы да айта кетті.

– Халық мұғалімін зерттей келе, бірегей әдіснамалардың авторы, ұлттық педагогика тарихында өз орны бар тұлға екендігіне көзіңіз жетеді. Ол – «Құрмет» орденінің, «Ы.Алтынсарин» төсбелгінің, бүкілодақтық Н.Крупская медалінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Республиканың «Ең үздік» ұстазы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Шығыс Қазақстан облысының, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы». Оның 200-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақаласы, 41 кітабы жарық көрген. Ғалым-ұстаздың іс-тәжірибесі жөнінде бірнеше оқу фильмі түсіріліп, 2004 жылы «Дәуірдің дара ұстазы» атты кино-очерк жарияланған. Әдебиет – өнер, тәрбие сабағы. Ең алдымен, әдебиет сабағы – ой сабағы, ойлану сабағы, – дейді ғұмырын ұстаздыққа арнаған тұлға. – Сондықтан ол сөз өнеріне баулу мен жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын тұтастыра жүргізді. Қанипа Омарғалиқызының қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін жетілдіру бағытындағы ізденістері мен іс-тәжірибелері, жас ұстаздар үшін үлкен оқулық, көп көмек. Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын ұстаздар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн, – деп атап өтті ұстаз.

Жұлдыз Бекішеваның сөзінше, шәкірт тәрбиелеуші Қанипа Омарғалиқызы – білім саласында, мемлекеттік қызметте, оқу жолында  ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, өнегелі ұстаз.

–  «Мұғалім – тау тұлғалы азамат болуы керек, ол ішкі мәдениеті өте жоғары, білімді, ешқашан біреуді-біреуге қарсы қоймайтын, барлық балаға сүйіспеншілікпен қарайтын, болуы керек» деген сөздері алтын әріптермен өрнектелуі тиіс деп ойлаймын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға, туған-туыстарына есігі қашанда айқара ашық болған, ұлт ұстазымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын, дейді көз-көргендер. Ұстаз ретінде ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы, бала оқыту әдістері жайлы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтқанда, нағыз зиялы адам болған, мұндай кемеңгер тұлға қазақ тарихында аз болмаған. Қанипа Омарғалиқызының жолын қуып, ұстаздарын нағыз оқыған тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді тұлға ретінде көретін, пікірлесетін, ақылдасатын оқушыларымыз болса, біздің де еңбегіміздің еш кетпегені. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен оқушы ұл-қыздарымызға сыйлы болсақ мұғалім арманының орындалғаны деп білемін. Мен де өз кезегімде, ұстаз қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздеген кезде, біз халқымыздың майталман мұғалімі болған Қанипа Бітібаева секілді аяулы аналарымыздың, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет деп ойлаймын, –деп қорытындылады өз сөзін Ә.Ермеков атындағы ЖОББМ базасындағы тірек мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, кәсіби бағдар беруші педагог Жұлдыз Бекішева.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»