Халықаралық байқауда бас жүлде жеңіп алды
Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тәрбиеленушілері Қырғызстандағы «ТАЛАНТЫ – SUMMER FEST KYRGYZSTAN» халықаралық байқауында «Хореография» және «Вокал» аталымы бойынша Гран-при жеңіп алды. Оған Орта Азияның Бішкек, Орал, Қарағанды, Ташкент, Алматы, Ақтөбе, Астана, Семей сынды түрлі қаладан 200-ге жуық адам қатысты.
Қарағанды облысының атынан №2 Қарағанды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының және психоневрологиялық аурулары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері қатысты.
«Хореография» аталымы бойынша №2 АӘҚКО тәрбиеленушілері Гран-при иеленді. «Жүректен жүрекке» ұжымының құрамында Алик Умаркатаев, Александр Омельченко, Әсел Сүйінбай, Иван Кочетков, Сұңғат Шалбаев «Бурят биі» би композициясымен өнер көрсетті. «Хрусталь вальс» композициясын ұсынған Борис Изотов пен Аврора Белозерованың дуэті де қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болды.
Балаларға арналған орталықтың тағы бір тәрбиеленушісі – Данил Медведев вокалдық өнерімен ең жоғары марапатқа ие болды.
Жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды.
Байқауға қатысушыларды музыкалық жетекші Индира Бұхарбаева және көркемдік жетекшілері Махаббат Кәрімова, Арай Бейсенбаева дайындаған.
Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты негізінде