Көрікті аула
Үлгілі тәртіп пен жоғары мәдениет. Қарағанды тұрғыны Булат Жаваров көп жылдан бері өзі тұратын үй кіреберісі мен ауласын безендіріп, көркін келістірумен айналысуда. Ол өз іс-әрекеті арқылы ауданның басқа тұрғындарына қоршаған ортаны қалайша көріктендіріп, жайлы етуге болатынын үлгі ретінде көрсетіп отыр.
Көгілдір тоғандар мөлтек ауданындағы №10 үйдің кіреберісі әдемі айшықталуымен, көрікті безендірілуімен бірден назар аудартады. Бұл подьезд жайында көпшілік біледі. Жарқын позитивті түстерімен әшекейлене әсемделген кіреберіс аумағында тазалық та орнаған. Мұнда темекі тұқылдары, кәмпит орамдары немесе қалбыр ыдыстардың шашылып жатқанын көрмейсіз. Тұрғындар әдемі жерді қоқыспен ластамауға әбден үйренген. Тұрғындарға осынау әдемілікті жасап берген Булат Жаваров осы үйге көшіп келгеннен бері қоғамдық кеңістікті жайлы көріністе әсемдеуді бастаған.
– Мен мәдени революцияны 25 жыл бұрын бастадым. Алдымен қоқыс контейнерлерін әдемілеп, төсеніш салып барлығын ол кезде өз қаражатыма жасадым. Негізінде өзім мәдениет қызметкерімін. Көкшетауда режиссер көмекшісі, бұқаралық сектор меңгерушісі, аға-әдіскер сынды бірқатар қызметті атқардым. Осынау безендіру істеріне сол да негіз болды, – дейді Көгілдір тоғандар мөлтек ауданындағы №10 үйдің тұрғыны Булат Жаваров.
Тағдыр жазуымен Булат Жаваров сол жылдары Қарағандыда тұратын әпкесін қарауға келіпті. Жақын адамының жайлылығы үшін әпкесі тұратын үйдің ескірген қабырғаларын сәндеуге кіріскен. Әуелде шебердің бұл әрекетіне қатысты түрлі әңгіме айтылған. Бірақ Булат Жаваров бастаған ісіне әлі де адал. Ал сол маңдағы тұрғындар шеберді белсенді түрде қолдап, өзі айтқандай «мәдени революцияға» атсалыса бастаған.
– Біздің подьезд тұрғындары да үй тазалық пен тәртіп табалдырықтан басталады деген қағиданы ұстанады. Және мұндай көзқарастары өте қуантады, адамдарды тәртіпке шақырады. Құрметті қарағандылықтар, жақсылық жасауға атсалысыңыздар. Өзіміз тұратын үйіміздің кіреберісін, ауласын, аумағын көркейтуге атсалысуға шақырамын, – деп атап өтті Булат Жаваров.
Табиғатынан еңбекқор, әрі философияға жақын Булат мырза көпшілікке сыйлы жан. Одан көршілері жөндеу жұмысын қалай істесем болады деп кеңес сұрап келеді екен. Тұрғындар осы подьезд көрінісіне қызығып өздері тұратын үйлердің кіреберістерін де осылай әсемдеуге көшкен. Гүл көшеттерін де егуде.
– Булатты 20 жылдан астам уақыт білемін, ол осы жердің әдемілігі, көркемдігі үшін өзінің еңбегін, уақытын кетіріп, жақсы іс жасауда. Тіпті оған эстет деп те ат қойдым. Өйткені, Булаттың керемет көркемдік талғамы бар. Барлығын өзі ойластырып жасайды, – дейді көршісі Вера Кожухова.
Шебер тұрғын ойын алаңын да ретке келтірді, тек өз сөзінде ұлдарға футбол алаңы жетпейтінін атап өтті. Бұл мәселені шешу әкімдіктің құзіретінде. Әдемілікті ауладан бастап үйге, кіреберісті де көріктендіріп отыруға машықтанған шебер өзінің тазалық пен тәртіп эстафетасын Қарағандының басқа тұрғындарына жолдағысы келеді. Барлығы өз қолымызда – ең бастысы – бастау және алғашқы қадамды жасау, – дейді шебер.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»