Ескеретін ережелер
Қазір жаз маусымы. Балалардың жазғы демалысы, ересектердің еңбек демалысы, серуендеу және әрине, шомылу уақыты. Яғни теңізде, бассейнде, су айдынында шомылу. Бірақ, қай жерде шомылсаңыз да, ешқашан судағы қауіпсіздік ережелері туралы ұмытпау керек.
Су – адам үшін қауіпті апат. Тіпті тыныш ағып жатқан тынық судың өзі қауіпсіз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар. Әдетте, жүзе алмайтын балалар белден жоғары келетін, судың терең жеріне бара бермейді, сондықтан суда жүзе алмайтын балалар емес, өзін жақсы жүзе аламын деп санайтын балалар судағы қайғылы жағдайларға ұшырап жатады.
– Ыстық күні суға түсу қауіпті, бұл жүректің тоқтауына және сананың жоғалуына әкелуі мүмкін. Кез-келген жағдайда қарсыласып, қалжыңдап су астында батырып ұстап ойнауға болмайды, бұл өте қауіпті. Шын мәнінде бәрі дұрыс бола тұра жалған дабыл көтеріп, суға батып бара жатқандай көрініс жасаудың да қажеті жоқ. Себебі, нақты қауіп туындаған кезде сізге сенбей қалуы мүмкін. Бұл ережелер туралы балаға алдын-ала айту керек, – дейді ТЖ департаментінің қызметкері Өмірбек Төлеубаев.
Балалардың судағы қауіпсіздігінің негізгі ережесі:
– белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайды, ол болмаған жағдайда жағадан алыс жүзбеу керек;
– кемеге жақын жүзуге болмайды;
– таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды;
– қайық, айлақ, көпір үстінен және арналмаған жерлерден секіруге болмайды;
– күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, себебі естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;
– дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;
– қарсыласыңды суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, себебі, жолдасың тұншығып және есін жоғалтуы мүмкін.
Суда жүзу ережелерін бәрі білгенімен көбі оған мән бере бермейтіні анық. Олар үшін бұл мүмкін емес немесе ешқашан болмайтын оқиға сияқты көрінеді. Десе де, апат айтып келмейді. Сол себепті жоғарыда айтылған ескертпелерді жадыңызда ұстаңыз.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»