Таза жағалау
Қарағандыда «Таза жағалау» акциясы өтті. Шара аясында Кіші Бұқпа өзенінің арнасы тазартылды. Акция «Таза Қазақстан» шарасы шеңберінде жалғасын тапты.
39-шы гимназияның оқушысы Асан күнін Кіші Бұқпа өзенінің бойындағы қоқыстарды тазартуға арнады. Ол ерікті ретінде бірнеше ай бойы өзен маңайындағы қоқыстарды жинайды.
– Табиғатты аялау мақсатында тазалыққа шықтық, достарыммен бірге келдік. Отанымызды жақсы көреміз, телефонда отырып, босқа уақыт өткізгенше қаламыздың көркеюіне үлес қосқанымыз дұрыс деп шештік. Жасыл ел жастар жасағына қолдау көрсетіп жатырмыз, – дейді ерікті Асан Ғалымов.
«Таза жағалаулар» акциясы – қаланың өзендері мен су айдындарының бойында экологиялық тәртіп орнатуға бағытталған. Бүгін мұнда оқушылар мен студенттер, сондай-ақ осы мәселеге бей-жай қарамайтын қала тұрғындары жиналуда. Жалпы айтқанда, жүзге жуық адам ат салысуда.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, Қарағанды облысында Президент тапсырмасына сәйкес, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жастар ерікті түрде өздері келіп, Бұқпа жағасын тазалау үстінде. Акция мұнымен тоқтап қалмайды. Қоқыс үйінділерін жойып, кейбір тұрғынға тазалық сақтау үлгісін көрсетеміз, – деп атап өтті Қарағанды облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева.
Акцияға қатысушылардың күшімен ондаған қап қоқыс жиналды. Мұның бәрі – егер адам өз тазалығын қадағаламаса қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін екендігінің бір дәлелі. Статистикаға жүгінсек, 2023 жылдың соңында Қазақстанда тек ресми деректер бойынша 4 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Бір жерді тазалағаннан кейін, аз уақытта ол жер қайта ластанып, екі жұмыс істеуге тура келеді. Бұл тұрғындардың табиғатқа деген қамқорлығының, жауапкершілігінің көрінісі. Акция да осының мәнін ұқтыру үшін жасалып жатыр дейді, шараның басы-қасында жүрген мамандар. Куәгерлер көп қоқыс демалушылардан қалады дейді. Нәтижесінде жағалаулар артық заттарға толады, ал ол судың жанында уақыт өткізу басқа демалушылар үшін тым қолайсыз. Бүгінгі таңда табиғи ресурстар басқармасының жоспарында Үлкен Бұқпа өзеніне санация жүргізу бар. Шенеуніктер бұл жұмысты келесі жылдың желтоқсанында аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өзен арналарын жақсы тазарту үшін олар үлкен қоқыстарды сүзу үшін торлы қоршау орнатқысы келеді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»