«JJJ» ЖАРНАМА ЖЕДЕЛ ЖЕЛІСІ ЖОБАСЫ
Қарағанды көшесіндегі көрер көзге сүйелдей болып тұратын, қатесі қатпар-қатпар жарнамалар аз емес. Олардың басым көбінің алдымен орысшасын оқып алып, кейін барып қазақшаға аудармасаң түсінбейтін күйге жетесің. «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты қалалық әкімдіктің өткізген іс – шарасының тек 1 айында 370-ке жуық жарнама баннері тексеріліп, оның 325-нен қате табылған. Тек 25-і түзетілген. Қалғандарына бір ай мерзім ішінде түзету керек деген ескертпе берілген. Себебі тілдер басқармасының да, әкімшілік полиция қызметінің де жарнамадағы қате үшін айыппұл салуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай бап заңмен қарастырылмаған. Яғни баннерге бажырайтып тұрып қате жазсаң да қатты бір жазаға ұшырамайсың деген сөз.
Бұл орайда, мәселені күшпен емес еппен шешу керек деген көкейге қонымды. Мұндай жолды Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» КММ мамандары ойлап тапты. Олар Қарағанды қаласында орналасқан жарнама агенттіктерімен, ХҚКО және банктер өкілдерімен ынтымақтастық орнатып, сыртқы жарнама мәтіндеріндегі қателерді басып шығармас бұрын сауатты рәсімделуі бойынша әдістемелік көмек көрсету бойынша қызмет көрсете бастады. Яғни кез-келген нысан жарнаманы басып шығармас бұрын жазбаның дұрыс-бұрысын алдымен кәсіби мамандарға бір тексертіп алады.
Жоба аясында екі аудармашы, екі келіссөз жүргізуші маман жұмыс істейді. Осы бастама негізінде 300 нысанмен жұмыс жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда 140 нысанға әдістемелік көмек көрсетіліп, 18 жарнама агенттігімен байланыс орнатылыпты. Бұл өңірдегі бизнес нысандары үшін де тиімді. Себебі қате жазып күлкіге қалғаннан гөрі, сауатты жазатын мамандардың талқысынан бір өткізіп алған әлде қайда жақсы. Оның үстіне қызмет толықтай тегін.
Жарнама агенттіктерімен жұмыс жасайтын жедел желі нөмірі: +7 700 130 90 50
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.