Бюджетті нақтылау
Күнгей аумағын газдандыру, тұрғын үй және спорт кешенін салу. Қарағанды қалалық мәслихатының ХХІІ сессиясында депутаттар 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті нақтылау бойынша дауыс берді. Енгізілген өзгерістер бұған дейін қалалық әкімдік жиынында, қоғамдық кеңесте, мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарында талқыланды. Бюджет қаражаты қай салаға қомақты жұмсалғалы отырғаны айтылды.
Қалалық бюджетке қосымша қаражат жолдануына байланысты алдағы жылдардағы бюджет қайта нақтылануда. Қазына қаражатына жоғарыдан бюджеттік трансферттердің бағытталуы мен бюджеттің кіріс бөлігінің жоспарлы көрсеткішінің артуы және жұмсалмай қалған қаражатты қайта бөлу ісі қалалық бюджетті қайта бекітуге негіз болған. Нақтылай өтсек, қосымша трансферттердің жалпы көлемі 41,6 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігі 4,4 миллиард теңгеге ұлғаяды.
– Ұсынылған жобада республикалық және облыстық қазынадан берілетін трансферттер мен кредиттер мөлшері ескеріліп, жалпы бюджет қаржысы 13,6 миллиард теңгеге ұлғайтылып отыр. Бұл санатта 2,5 миллиард теңге субсидиялауға, 5,1 миллиард теңге коммуналдық тұрғын үй қорынан үй беруге және 6 миллиард теңге газдандыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсалады, – деп түсіндірді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев.
Газдандыру бағытындағы кей іске қалалық мәслихат депутаттары бастамашыл болыпты. Нәтижесінде облыстық мәслихат және облыс әкімдігінің қолдауымен 6 миллиард теңге көлемінде трансферттер алынған. Осынау қаражат облыс орталығының бір бөлігін газдандыру мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
– Газдандыру төңірегіндегі мәселелерді біздің сайлаушылар жиі қозғайды. Қалалық мәслихат депутаттары да бірнеше жыл қатарынан біздің әлеуметтік топтағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажеттігін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі таңда баспанаға мұқтаж жандар тізімінде 18 мыңға жуық адам тұр. Баспана алу бағдарламасы бойынша 5 миллиардтан астам қаражат трансферт ретінде бөлініп отыр. Бұл баспана мәселесін біршама шешуге септігін тигізеді, – деп атап өтті Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Денис Дедов.
Енді осы жолғы бюджет нақтылауында 5 миллиард теңгеден астам трансферт әлеуметтік топтағы жеңілдікті иемденетін азаматтар санатына коммуналдық тұрғын үй сатып алуға бағытталады. Сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысы бойынша осы жолғы қосымша қаражат автобус жүргізушілері арасында кадр тапшылығын азайту мақсатында, халыққа мамандандырылған автоорталық қызметін ұсынар автодромның құрылысы жүргізілмек. Сонымен қоса, Күнгейдегі тұрғындар өтініші ескеріліп, онда спорт кешенін салудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге де қосымша қаражатқа жұмсалғалы отыр. Әлеуметтік бағдарламаларды орындауға да бюджет ақшасы бөлінді.
– Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға да бюджет қаражаты қарастырылып отыр. Атап өтсек, инватакси қызметіне, бірмезгілдік әлеуметтік көмек көрсетуге, сондай-ақ, жеңілдікті иемденетін азаматтарға қатты отын алуға да қаражат бөлінеді. Сонымен қоса, бюджетті нақтылауда сумен қамтумен жабдықтау, санитарлық қамтамасыз ету, қала аумағын көркейту, жол жөндеу мен аялдама павильондарын қалпына келтіруге де қаражат бағыталып отыр, – деп қосты Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Денис Дедов.
Бюджетке қатысты нақтылаулар депутаттар тарыпынан мақұлданды. Мәслихат депутаты Бейбіт Жұмабековтің айтуынша, қосымша қарастырылған қаражатты бөлу бірқатар азаматтың әлеуметтік мәселелерін шешуге және жалпы қаланы көркейтуге, дамытуға өз септігін тигізбек.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»