ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІ – ЖАҢА БУЫННЫҢ ТАҢДАУЫ

Жаңадан жаңғырып, рухани серпіліске бет бұрған біздің қоғамымыздың қозғаушы күші, кемел келешек кепілі жастар екені анық. Қоғамның қай кезеңі, қай уақыт аралығы болмасын, қай мемлекетті алып қарасақ та тіреуші күші жастар екенін көреміз. Оған әлемдік аренадағы дамыған мемлекеттер мысал болмақ. Ертеңіне сенген ел мәңгілік ел болып қалмақшы. Ал ел ертеңі – жастар. Осыған орай «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы еліміздегі жас дарындарға, елі үшін су кешіп отқа түсуге даяр жастарға үлкен мүмкіндік. «Асыл тастан, ақыл жастан» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Қарқынды дамыған заман ағымының көшінде ілгерілеу, ХХІ ғасырдағы сынқатерлерге мемлекетіміз төтеп беру үшін жастардың креативтілігі, тың идеялары мен күш-жігері таптырмас құндылық.

Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылы өтіп, оның қорытындысы бойынша резервке 300 адам алынып, олардың 60%-ы (184 адам) қазіргі таңда жұмысқа орналастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз»,- деп әділ баға берген болатын. Бұл жобаның мақсаты — қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас дарындарды анықтау. Қалай анықталмақ? Байтақ еліміздің әр түпкіріндегі көкірек көзі ашық, дарынды зияткер жастар іріктелмек. Іріктеу кезеңнің өзі бірнеше сатыдан тұрады. Сонымен қатар, әр іріктеу кезеңнен соң, растау процесі өтеді. Яғни құзіреттіліктерін растайды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, тек мықтылардың мықтысы ғана резервке алынбақ. Барлық сынақтан сүрінбей өткен зияткер жастарға көптеген мүмкіндіктер есігі ашылмақ. Мәселен, жобаға іріктеу қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктеліп, олар Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда конкурс бойынша саяси лауазымдарға, «А» корпусының лауазымдарына, «Б» корпусының басшы лауазымдарына және «Б» корпусының А санаты тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Аталмыш жоба осы жылдың 1 қыркүйегінен басталады. Яғни ең бірінші құжаттар мен өтінімдерді қабылдау. Ал енді кімдер қатыса алады? Ең әуелі қазақ тілін жоғары деңгейде білетін (В1 деңгейден төмен емес), жоғарғы білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан төмен емес Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған азаматтары. Іріктеуден өткен жағдайда, Президенттік резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.

Аталған жобаға қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервіндегі тұлғалардың жіберілмейтінін ескеру қажет. Яғни, мемлекеттік қызметке қоғамның басқа саласындағы іскер жастарды тарту.

Іріктеуді іске асырудың жалпы мерзімі 2021 жылдың 1 қыркүйегінен 2021 жылдың 25 желтоқсанына дейінгі арылықты қамтыса, ал үміткерлердің құжаттарын қабылдау мерзімі – 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 30 қыркүйегіне дейінгі аралықты қамтиды.

Іріктеу тәртібінің әр кезеңіне толығырақ тоқталайық:

Қабілеттерді тестілеу. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға мүмкіндік беретін тестілеудің екі жеке блогынан және оның нәтижелерін верификациялаудан тұрады. Талаптарға сәйкес келетін барлық үміткерлер мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуді орындауға ең көп балл жинаған үміткерлердің 50%-ы қарапайым саралау әдісімен жіберіледі. Бағалаудың екі блогынан өту қорытындысы бойынша үміткерлер верификацияға (нәтижелерді растауға) жіберіледі. Тестілеуді тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды. Әрбір бағалаудың ұзақтығы — 25 (жиырма бес) минуттан аспайды.

Ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің ситуациялық тапсырмалар түрінде жасалған нақты мәселелерді шешуге көзқарасын бағалауға бағытталған. Үміткер салалық бағытты көрсетеді. Содан кейін үміткер таңдалған салалық бағытқа сәйкес ситуациялық тапсырманы шешеді. Кезең онлайн-платформада эссе жазу форматында өтеді.

Құзыреттерді бағалау. Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңінен кейін 250 үздік үміткерге құзыреттерді бағалау кезеңінен өту үшін онлайн-платформада тіркелу қолжетімді болады. Бұл кезең мынадай 2 бағалау блогынан тұрады:

— ассесмент-орталық;

— құзыреттер бойынша сұхбат.

Ассессмент-орталық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта жүзеге асырылады. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы үміткерлердің бойындағы белгіленген құзыреттерді (стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сендіре білу) анықтауға және бағалауға бағытталған.

Құзыреттер бойынша сұхбат үміткерлердің ішкі ынта-жігерін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталған жеке тереңдетілген сұхбат түрінде онлайн форматта өтеді. Сұхбатқа тіркелу онлайн-платформадағы алдыңғы блокқа ұқсас жүзеге асырылады.

Сарапшылық комиссияда әңгімелесу. «Сарапшылық комиссияда әңгімелесу» кезеңінен өтуге іріктеудің алдыңғы кезеңдеріндегі балдардың жиынтығы бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын адам жіберіледі.

Сарапшылық комиссияда әңгімелесу өтетін болады. Үміткерлер Сарапшылық комиссиясының отырысында қаралғанға дейін үміткерлер туралы беделін түсіретін мәліметтердің бар-жоғы туралы деректерді, оның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдарға өтінім жіберу негізінде жинақтау алдын ала жүзеге асырылады. Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын үміткерлердің тізімі жасалады. Ұлттық комиссияның отырысы.

Ұлттық комиссияның отырысына Сарапшылық комиссия ұсынған ең жоғары балл жинаған 65-тен аспайтын үміткер жіберіледі. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне 50-ден аспайтын үміткерді қабылдау туралы шешім қабылданады.

Қазіргі таңда Президенттік жастар кадр резервіне тіркелген үміткерлердің орта деңгейден (В1) төмен емес деңгейде мемлекеттік тілге қатысты білімін арттыру үшін QAZAQ RESMI TEST-ті тапсыруға дайындалу бойынша тегін және ақылы онлайн курстар ұйымдастырылуда.

«Жас келсе, іске» деген мәтелді ұранға айналдырған бұл жоба ел жастарына үлкен мүмкіндіктер алаңына айналса, ел үшін жарқын болашақ кепілі болмақ. Елдің гүлденуі жастарсыз мүмкін емес те…

Ә. Мұсатаева,

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының доценті,

Е.Ермагамбетов,

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының аға оқытушысы