ДОМБЫРА – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ СИМВОЛЫ
Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Домбыра және Астана күндеріне орай Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде рухани шараның шымылдығы түрілді. Мерейлі мерекеге арналған айрықша флешмобта әскери қызметшілер мен сарбаздар жаңа қырынан танылды.
– Қос ішекті қара домбыраның үнінде ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі сайрап жатыр. Себебі, қазақпен домбыра еншісі бөлінбейтін егіз ұғым. Ұлттық аспабымыз – ұлттың киесі һәм қастерлі қазынасы. Ал Ұлттық домбыра және Астана күндері қарсаңында Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде рухани шараларды ұйымдастыру басты мақсатымыз, – дейді мәдениет үйінің жетекшісі Эльмира Жайлауқызы. – Бүгінгі шарамыз Ұлттық домбыра күніне арналады. Біздің әскери бөлімде сарбаздар өте көп, таланты және ебі бар деген сарбаздарды жинадық. Басты мақсат – таланттарын ашу, ұлттық аспабымыз домбыраны дәріптеу. Осы шараға бір ай бойы дайындалдық.
Мерейлі мерекеде әскерилер мен сарбаздардың саусақтарынан күй саулады. Флешмобта ұлттық ұландықтар Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» мен Дәулеткерейдің «Көроғлы», Нұрғисаның «Әлқисса» атты күйлерін күмбірлете төгілтті. Қасиетті қара домбыраны қолына алып, күй шерткендердің бірі қатардағы жауынгер Жақсылық Түсіпбек.
– Әскер қатарына қабылданғаныма бір айдан аса уақыт болды. Қазір бізге әскерге керекті нәрсенің барлығын үйретіп жатыр. 20 шілде күні ант қабылдаймыз, – дейді ол.
Шаттықты шара шеңберінде әскерилер мен қатардағы жауынгерлер талантымен таңғалдырды. Ефрейтер Ильдар Айтов та «Астана» әнін тамылжыта шырқады.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»