Батырдың өр тұлғасы жаңартылды

Кеншілер астанасындағы бір даңғылға көрік берген еңселі ескерткіштердің бірі сонау 1958 жылы Қарағандының қақ ортасында тұрғызылған Нұркен Әбдіров ескертікіші. Батырдың айбарлы сұлбасы қаладағы құнды туындылардың бірегейі.

Кеңес Одағының батыры, ұшқыш жерлесіміздің сәулетті мүсінін сомдаған мүсінші – А.П. Билык пен Ю. Гуммель. Осыған дейін мүсін сына тәрізді биік тұғырға қойылған. Шойыннан құйылған мүсіннің биіктігі 2,8 м., мәрмәрмен қапталған. Жалпы биіктігі 9 м. 1985 ж. ескі тұғыр жаңартылды.

Арада 60 жылдан артық уақыт өктенде батыр сұлбасы сомдалған сол ескерткіш тағы бір мәрте жанданды. Кезінде шойыннан құйылған сәулет туындысы жылдар өткен сайын сыр беріп, жарықшақтанып, тозығы жеткен. Өткен жылы арнайы мамандар ескерткіштің бүгінгі сапасына сараптама жасап, шойын мүсінді қайта өңдеу мүмкін еместігін анықтаған. Сондықтан да облыстық қазынадан арнайы қаржы сұрап, сүреңсізденіп кеткен батыр бейнесін қоламен жаңалауды жоспар еткен. Онда да авторлық құқық толықтай сақталып, ешқандай өзгертусіз, қаз қалпында жасалады. Ескерткіш тұғырдан алынған кезде ескерткіштерді қорғау орталығы бастығының орынбасары Жанболат Мәжитов ескерткіштерді қорғау туралы заң талаптары қатаң ұсталатынын атап өткен.

— Ескерткіштің бір авторы А.П. Билык бақилық болған. Ал екінші автор Ю.Гуммельдің өзі қазір 94 жаста. Германия азаматы. Дегенмен біз бейнебайланысқа шығып автор дан келісім, мақұлдауын алдық. Бұл жерде автордың өзі ескерткіштің тозығы жеткенін растап отыр.

Заң бойынша ескерткіштер бірнеше деңгейге бөлінеді. Ал Нұркен Әбдіров ескерткіші мемлекеттік маңызы бар ескерткіштер сапында. Сондықтан тікелей Мәдениет министрлігі қарауында. Сол себепті жауапты министріліктің де келісімі алынған. Өз кезегінде облыстық бюджеттен 26 млн теңге қаржы бөлінген. Ауқымды да жауапты жұмыс келісілген мерзім аясында атқарылды. Мердігер «Қазақстан Көркем Комбинаты «КАЗАРТ» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тапсырыс алушы тараптың бас директоры Сапар Шаймарданов осыған дейін де батыр ескерткіші қарашаға жетпей уақтылы орнатылады деп сендірген. Айтылғандай алып мүсін тұғырға қондырылды. Бір ерекшелігі бұл жолғы сұлбаның қоладан құйылғаны және түсінің қоңырқай болуында. Ескерткіш ресми түрде ашылып үлгермесе де қарағандылықтар қазірдің өзінде тың туындыға қатысты пікір білдіруде. Айбынды батырдың көз үйренген бейнесінің бұл жолы қоладан құйылуы да жай емес. Таңдалған материал түрлі табиғи құбылыстарға төзімді. Ал «сұлба кішірек» деген жұрт пікірін жауапты басқарма өкілі жоққа шығарды. Нақтылап өткендей батыр бейнесі еш кішірейген жоқ. Еңселі ескерткіштің биіктігі, 2,80 салмағы 1,5 тонна.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH.