Ортеке – қуыршақ өнерінің бастауы

Қарағанды облысында Астана және Ұлттық домбыра күндеріне орай барлығы 300-ден астам фестиваль, концерт, шеберлік сабағы, қайырымдылық акция және басқа да шаралар ұйымдастырылды. Қарағандыда екі этнофестиваль – халықаралық SARYARKA ART FEST және республикалық «Ортеке» фестивальдері өтті.

Республикалық «Ортеке» этнофестивалі кеншілер шаһарын домбыра үнімен әуелетіп, барша қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық мұрамызды дәріптеп, еліміздің бірлігі мен ынтымағын сезіндірді. Бір күнде бірнеше шараны қамтыған фестиваль «Материалдық емес мәдени мұра» атты республикалық семинардан басталды. Шара барысында спикерлер ҚР Материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Музафаров, п.ғ.к., социоонтрополог, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының Арт-менеджмент кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссияның сарапшысы, Тәңір зерттеу халықаралық қоры басқармасының мүшесі Евфрат Имамбек облысымыздағы қолөнерші, күйші, өнертанушы, мәдениет қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өткізіп, тәжірибемен бөлісті.

Кейін фестиваль Кеншілер мәдениет сарайында баспасөз-конференциясымен жалғасты. Қазылар алқасының төрағасы, халықаралық байқаулардың лауреаты, музыкант, Б.Сарыбаев атындағы музыкалық аспаптар мұражайының негізін қалаушы, қазақтың халық аспаптарын жасаушы шебер Азамат Бақия биылғы «Ортеке» фестивалінің ерекшелігі қатысушылардың тек осы фестивальге арнайы жазылған төл күйлерді орындауында екенін атап өтті.

– Біріншіден, биыл фестиваль республикалық деңгейде өтіп жатыр және де қатысушылар тек өздерінің авторлық күйлерін орындайды. Алдағы уақытта «Ортеке» этнофестивалінің үздік күйлерінің топтамасын жасағымыз келеді. Сондай-ақ, біз, қазылар алқасы бағалайтын ең бастысы – аспапта ойнау емес, қатысушылардың көрсететін шағын қойылымы. Ортекеде қойылым болуы керек, көрермен тыңдап қана қоймай, қандай да бір қойылымды көруі керек. Шындап келгенде, ортеке – қуыршақ өнерінің бастауы, – дейді Азамат Бақия.

Сонымен қатар баспасөз мәслихаты барысында «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асқар Кенжеғалиев Қарағанды облысында «Күйшілер одағы» филиалының ашылғанын хабарлады. Ұйымға күйші, ұлттық өнер жанашыры Болат Такишев төраға етіп тағайындалды. Және де шарада Қалкен Қасымов ақсақал «Халық күйшісі» атанып, кеудесіне абыройын асқақтатар төсбелгі тағылды.

 

Ары қарай фестиваль С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында жалғасын тапты. Фестивальге келген қонақтар, әділ-қазылар мен қатысушыларды театр алаңында қызыл кілеммен күтіп алды. Салтымыз бойынша шашу шашылып, арнау айтылды. Облысымыздың аудандарынан келген өнер ұжымдары сәндік қолданбалы өнер көрмесін ұсынды.

– Мен жалпы қазақтың қолөнерінің барлық бағыты бойынша жұмыстар жасай беремін. Мысалы, металлмен, ағашпен, тері, сүйек өңдеу, тағы басқалары бар. Қазақи аспаптардың барлық дерлік түрін жасаймын, өзім Бұқар жырау ауданының Сарытөбе негізгі орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімімін және де «Жас шебер» қолөнер үйірмесінің жетекшісімін. Осы үйірмеге жетекшілік етіп жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Өзім жасап қана қоймай шәкірт те тәрбиелеймін. Осы фестивальге биыл екінші рет қатысып отырмын. Бүгін өз ортекемді ұсынып отырмын, бізде биыл дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді ғой, соған орай соның эмблемасын салдым. Көбіне домбыра мен қобызға тапсырыстар көп түседі. Қазақ кім десе, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жатады ғой. Біздің бренд қой бұл. Домбыра күні басталғанына көп болмаған мереке ғой, әзірге керемет болып өтіп жатпаса да, бұл бастаманы өзім қолдаймын. Әрі қарай дами түседі деген ойдамын. Бұл өте дұрыс, – дейді Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының қолөнер шебері, суретші, облыстық «Жәдігер» ассоциациясының мүшесі Мәлік Жомарт.

Экспозицияның ерекшелігі Астанадан келген «Марс» робототехника орталығының мамандары дайындаған электронды ортеке болды.

– Бізге ортекенің электронды нұсқасын жасау туралы ұсыныс келіп түсті. Содан кейін олар біздің командамен жұмыс істей бастады. Модель әлі де әзірленуде. Болашақта біз ортекені интерактивті тақта арқылы гаджеттерде ойнауға бейімдеуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Марс» робототехника орталығының өкілі Марс Мақсот.

Этнофестивальдің салтанатты ашылуы қарашаңырақтың үлкен залында өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бас хатшысы, Лондон университеттік колледжінің саясаттану ғылымдарының магистрі Жанар Шайменова қатысушыларға сәттілік тілеп сөз сөйледі.

– Баршаңызды «Ортеке» этнофестивалінің ашылуымен құттықтаймын! Былтыр бұл фестиваль облыстық деңгейде өтсе, биыл республикалық деңгейде өтіп жатыр. Әр өңірден таланттар жиналып келді. Оған қоса Моңғолия, Қытай елдерінен де қатысушылар бар. Арқа – қашанда салт-дәстүрдің, ән-күйдің негізін, тұғырын құрайтын жердің бірі. Бүгінгі өткізіліп жатқан шара соның бір дәлелі, айғағы. Осы бағыттағы жұмыстар ол біздің ұлттық рухымызды, салт-дәстүрімізді насихаттауға үлкен қадам, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Жерлесіміз, ел ағасы Ерлан Төлеутай Алматыдан арнайы келіп фестивальдің шымылдығын «Сарыарқа» әнімен ашып берді.

Фестиваль аясында Қытай, Моңғолия, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарынан және Ұлытау мен Жетісу облыстарынан келген он тоғыз қатысушы өз шығармашылықтарын ұсынды.

20 жастағы Есжан Мұратбек Моңғолиядан тәжірибе жинап, одан әрі ортекені өз отанында өнер түрі ретінде дамыту үшін келгенін айтады.

– Ортекемен соңғы екі-үш жылдай айналысамын. Фестивальге «Көксерке» атты күйімді алып келдім. Оны он күндей жүріп шығардым, ұзақтығы үш минуттай. Қиын болған жоқ, көксеркенің жүрісі, табиғаты, көксеркені елестетіп шығардым. Бізде ортеке қатты дамымаған, осындай фестивальдерге қатысып, бұйырса алдағы уақыттарда өзіміздің елде әрі қарай дамыту жағын ойластырамыз, – деп бөлісті Есжан Мұратбек.

Қарағандылық Назгүл Таңатар болса күйін бір-ақ күнде шығарған екен.

– Бұрыннан қызығатынмын ортекеге. Өзіме негізі ұлттық аспаптар бұрыннан жақын, қызығушылығым бар. Ал ортекені осы фестиваль жайлы естіген соң меңгере бастадым. Күйімнің аты – «Ортеке». Мен ол күйді бір күнде шығардым. Музыкалық сауаттылық болса қиын емес, – дейді ол.

Фестиваль қорытындысы бойынша Бас жүлдені Қытайдан келген Бағдар Жарқын жеңіп алды. Бірінші орында қарағандылық Ерлан Сәду, екінші орынды Ақмола облысының қатысушысы Айжан Құрақ, ал үшінші орынды Жетісу облысының Жәнібек Мақатан жеңіп алды.

Барлық дипломантқа кәдесый мен қаржылай сыйлық табысталды.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»