ЕЛДІҢ ТІРЕГІ – ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДА
Қарағанды қаласында Астана күні өз мәнінде мерекеленді. Атаулы мейрамға арналып кеншілер шаһарында би ұжымдары өнер көрсетті. Дизайнерлердің ашық байқауы да қонақтар мен көрермендерге шексіз шаттық сыйлады.
Астана күніне орай Жастар спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер аула клубтары «Гранд» заманауи би ансамблімен бірлесіп өнер көрсетті. Бүгінде кеншілер шаһарында 39 аула клубы бар. Олар тек спортпен шұғылданумен шектелмейді. Шығармашылықтарын жан-жақты тұрғыдан шыңдайды.
– ҚР Астана күнімен қарағандылық жерлестерді шын жүректен құттықтаймын! Орталық саябаққа жоспарланған шараларымыз ауа-райының қолайсыздығына байланысты «Шахтер» стадионының «Жастар» спорт кешеніне ауыстырылды. Біздің аула клубтарының шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін жұртшылыққа паш етті, – дейді Қарағанды қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.
Сабрина Маханованың «Астана» аула клубында өнер көрсетіп жүргеніне 6 жылдың жүзі болыпты. Шығармашылық ұжыммен ол көптеген елді аралап, өзге мемлекетті өнерімен тәнті еткен.
– Маған өте ұнайды. Шетелге шығуға мүмкіндік мол. Өнерді басқа елдерге насихаттауға үлес қосамыз. Жақында Дубайға баруды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Орталық демалыс саябақта «SARYARQA ART FEST» дизайнерлердің ашық байқауы жалғасын тапты. Әлемге белгілі ең беделді сәнгерлердің басын қосқан шарада Түркия, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің дизайнерлері айрықша коллекцияларын ұсынды.
– Бірқатар елден дизайнерлер келді. Халықаралық және дүниежүзілік дизайнерлер коллекцияларын көрсетуде. Басты мақсатымыз – болашақ жастарға сән әлемін және ұлттық нақышымызды көрсету. Өзіміздің Орталық Қазақстанды көтеру. «SARYARQA ART FEST» үлкен жоба болғандықтан 4 аймақты қамтиды. Ақмола және Қарағандыда өтті, енді Ұлытау мен Павлодар облыстарында жасалады, – деп қосты «SARYARQA ART FEST» жобасының жетекшісі Меруерт Мухамедьярова.
Астанадан келген «Шарм Моделс» тобы сәнгерлерінің туындылары да көпшілікті елең еткізді. Бәсі биік байқауда бақ сынаған олар риясыз ризашылығын да білдірді.
Киім коллекциялары және ерекше идеяларымен дараланған дизайнерлерді қала билігі салтанатты жағдайда марапаттады. Өз кезегінде Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова алғысын білдірді.
– Қазыналы Қарағанды қаласының атынан барлық дизайнерді құттықтаймын. Қарағанды қаласы әкімдігі атынан алғысымызды білдіреміз. Астана күні құтты болсын!
Шуақты шаралар этно-музыкалық концертпен өрілді. Эстрада жұлдыздары мен елімізге танымал әншілер әсем әндерін шырқады.
Айта кетейік, концерттік бағдарламалар Астана күні мен Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына арналды. Осылайша мерейлі мереке қарағандылықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»