Оқыс оқиға

Жарық жөндеймін деп қаза тапты. «Қарағанды Жарық» ЖШС қызметкері баған басында энергия көзін тексеріп жатқанда тоққа түскен. Оқыс оқиға салдарынан 36 жастағы азамат оқиға орнында тіл тартпай кетті. Бұл жағдайға кімдер кінәлі?

27 маусым күні Нерчинский, 109 мекенжайында «Қарағанды Жарық» ЖШС қызметкерлері баған басында жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қызмет барысында электр желісі өшірілмей, салдарынан 1988 жылғы азамат көз жұмған.

– Қасымдағы жұмыскер екеуіміз жоғарывольтты бағанда изолятор ауыстырып жатқан едік. Мен құрал-жабдықтарды алуға еңкейгенмін, сол кезде қасымдағы жігіт тоққа түсті. Себебі астындағы кабельде тоқ сөндірілмеген, – дейді марқұмның әріптесі Ернұр Есбай.

Айдос Нүсіпбековтің туыстары оның тәжірибелі электромонтер болғанын, ұқыпты жұмыс істегенін айтады. «Қарағанды Жарық» компаниясындағы тәжірибесі 10 жылдан астам. Олар қайғылы оқиғаны басшылықтың жұмыс қауіпсіздігін қадағаламауынан болды деп санайды.

– Естуімше, жанында болған әріптесінің айтуынша, электр бағанында төменгі жиіліктегі тоқ болған. Жоғары желідегі тоқ сөндірілген де, төменгісі сөндірілмеген. Соның салдарынан қаза болып отыр. Жауапты ретінде жұмыс басшылары кінәлі деп ойлаймын, – дейді марқұмның туысы Дарын Смағұлов.

Компанияда жазатайым оқиғадан кейін құрамында мемлекеттік еңбек инспекторы бар арнайы комиссия тексеріс бастады. Ол кернеуді өшіру қайтыс болған қызметкердің міндеті емес екенін біліп отыр.

– Қажетті желілерді өшіру, осы әуе желісін жерге қосу, дұрыс жұмыс орнын дайындау қажет. Қауіпсіздік ережелері бойынша, кернеудің жоқтығына көз жеткізіп, содан кейін жауапты адамдардың қадағалауымен жұмыс жасалу қажет, – деп тоқталды «Қарағанды Жарық» ЖШС сенімділік және қауіпсіздік техникасы қызметінің бастығы Виталий Журавлев.

Айдос Нүсіпбековтің соңында әйелі мен үш баласы қалды. Полиция «абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғады.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»