Жүзден жүйрік
Мектеп оқушылары республикалық жарыстан қола жүлдемен оралды. Семей қаласында өткен аламан додаға жолдама алу үшін №3 мектеп-гимназияның спортшы жастары қалалық чемпионатта, одан кейін облыстық жарыста топ жарған.
Қаламыздың №3 мектеп-гимназиясының «Былғары доп» командасы Семей қаласында өткен республикалық жарысқа қатысты. 5-6 сыныптар арасында ұйымдастырылған футбол ойынына еліміздің 13 облысының кіл мықты жастары жиналған. Қарағанды облысының намысын қорғаған оқушылар, қанжығаларына қола жүлдені байлады.
– Біз Семей қаласына бардық, дүбірлі дода тартысты өтті. Ойын бізге өте қатты ұнады. 12 команда қатысты, бәрі дайындалып келген. Жамбыл, Ұлытау, Алматы, Көкшетау және Маңғыстау жастары біздің басты қарсыластарымыз болды. Төрт рет гол соқтым, өскенде футболист болғым келеді, – дейді №3 мектеп-гимназияның оқушысы, команданың жартылай қорғаушысы Әлібек Жайлаубек.
Оқушылар алғашқы ойында Жамбыл және Ұлытау облысының командаларымен кездесіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Осылайша ойынның 1/4 кезеңіне жолдама алды. Онда көкшетаулық командаға қарсы ойнап, есе жіберді. Соңғы ойында маңғыстаулық командамен алаңда кездесіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Ал ойыншылардың сапында Дионис Кивелов ерекше көзге түсті. Бұл чемпионатта ол 17 гол соғып үздік шабуылдаушы атағын жеңіп алды.
– Қиыны, қарсыластарға гол салу болды. Себебі, біз дайындалған әдіс-тәсіл басқаша. Ойыншылар маған төбемен допты береді, ал мен баспен соғамын. Қарсылас команданың қорғаушылары менен әлдеқайда ұзын болған соң, ойымыздағы сол тәсілді қолдану қиынға соқты. Ең көп Жамбыл және Маңғыстау командаларына гол соқтым. Алған жүлдеме сай ойын көрсеттім деп ойлаймын. Алаңда ешқандай да қорқыныш болмады, ойымның барлығы тек қарсылас командаға жеңіс голын соғу болды, – деп тоқталды «№3 мектеп-гимназия» КММ оқушысы, шабуылшы Дионис Кивелов.
Бұл мектеп командасының футболдағы алғашқы жарқын жеңісі. Одан бөлек ойыншылар Қарағандының басқа да клубтарында ойнайды. Мектеп командасының жаттықтырушысы үлкен жетістіктерге жету үшін командамен ауқымды дайындық жасалатынын айтты.
– Балалармен көптеген қызу дайындық өткізіп, үшінші орынға тұрақтадық. Алға қойған мақсат, жоспарларымыз көп. Жарыс кезінде өз қиындықтары болды, Көкшетау қаласы, Ақмола облысының жастарымен тартысты ойын өтті. Жастар осал емес екен, мектеп оқушылары алғаш рет осындай жарысқа қатысып отыр, – дейді бапкер, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Айбек Жұмагелдинов.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»