Қараңғыдағы Қарағанды

Жарықсыз қалған тұрғындар. Қарағанды қаласында соңғы бір-екі айда электр қуатының өздігінен өшіп қалу жағдайлары жиілеп, тұрғындардың наразылығы артып, сауалдар туындауда. «Қарағанды Жарық» серіктестігі мұның неліктен орын алып жатқанын түсіндіріп, сонымен бірге алдағы уақытта жағдайды жақсарту үшін не істеп жатқандарын көрсетті.

Соңғы кездері қарағандылықтардың барлығы дерлік бір емес, бірнеше рет жарықсыз қалып, себебін анықтау үшін электр компаниясына хабарласпақ болған. Әдетте техникалық ақаулар жөнінде бір ғана жауап бар. Баспасөз туры барысында «Қарағанды Жарық» серіктестігі мән-жайды анықтауды өз мойнына алды. Алғашқы сапар Оңтүстік-Шығыс қосалқы станциясынан басталды.

– Дәл осы жерде жабдық 2012 жылы ауыстырылып, қуаттылықты арттыруда оң нәтиже берген. Алайда 8 шақырым жердегі қосалқы станциядан кабельдің өзі 1964 жылы тартылған. Қазіргі уақытта компания орасан зор жұмыстар атқаруда: қуатты кабель тартуда. Жұмыстың 40%-ы орындалды, оны тамыз айына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Бұл, сайып келгенде, Оңтүстік-Шығыс ауданын энергиямен қамтамасыз ету сапасын жақсартады. Жұмыс бір реттік емес, жылдық. Биыл инвестициялық бағдарлама аясындағы барлық жұмысқа 11 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Өткен жылы да, алдыңғы жылдары да аз қаржы жұмсаған жоқпыз, – дейді директор.

Қарағанды қаласында және оның маңайында 104 қосалқы станция бары жасырын емес, кабельдік желілердің ұзындығы 1 740 шақырымды құрайды. Жаңа қаланың қосалқы станциясында олар қазір жаңа трансформатор орнатып жатыр.

Айта кетейік, осы себепті де тұрғындар уақытша жарықсыз қалуға мәжбүр. Жазда жарықтың жиі сөніп қалуының барлық себебі – бұл ғана емес. Желдің салдарынан үзілу, құрылысшылар мен жөндеушілердің жұмыстары жарықтың тоқтауына себеп болған. Энергетиктер тұрғындар шағымынан кейін кінәлілерді іздеуге шықты.

– Қазіргі кезде жаңадан салынған трансформаторлар жүктемелерді барынша шешетін болады. Жұмыстар жалғасады. Халыққа хабарландыру жұмыстары жүргізіледі. Уақытша қолайсыздықтар орын алады, – деп атап өтті «Қарағанды Жарық» ЖШС бас директоры Дидар Ахмадин.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»