Әлеуметтік жәрмеңке

Қала тұрғындары үшін әлеуметтік жәрмеңке ұйымдастырылды. Орталық мәдениет және демалыс саябағында мемлекеттік орган мен құқық қорғау саласының өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өз бағыттары бойынша халықты ақпараттандырды. Әлеуметтік жәрмеңкенің әлеуетке берер пайдасы айтылды.

Әлеуметтік жәрмеңке Қарағанды қалалық әкімдігінің қолдауымен және Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе ұйымдастырылған. Жәрмеңкеге келген тұрғындар басқарма өкіліне өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойды.

– Әлеуметтік жәрмеңке – әсіресе жұмыс іздеген жандарға аса тиімді шара. Себебі бос жұмыс орындары бар мекеме, кәсіпорындар өздеріне қажетті мамандар тізімін жасақтап, ал келушілер сол ақпаратты сұрап, жұмыс берушімен тікелей тілдесу мүмкіндігі бар. Бұл оқу орнын енді бітірген жастарға да ыңғайлы әрі пайдалы, – дейді Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Әлеуметтік жәрмеңкеде жұмыспен қамту бағытындағы сауалдармен қоса жер, денсаулық, құқық қорғау, отбасын қолдау мен бала құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер қарастырылды. Бұл ретте пробация қызметі де өздеріне қарасты азаматтарды осы жәрмеңкеге қатыстырып әлеуметтік-құқықтық қолдауда. Ал жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындарымызға интернет-алаяқтық жайында ескерту жасап, ақпараттық жұмыстар жүргізді.

Киберпол қызметкерлері тұрғындарға жаднама таратып, алаяқтардан сақтану жолдарын айтуда. Әлеуметтік жәрмеңкенің тағы бір артықшылығы – мемлекеттік орган қызметкерлері, полиция өкілдерімен қоса «Жасыл ел» жасақтары да жәрмеңкеге қатысты. Олар жеткіншек жастар үшін ақылы жұмыс бар екенін айтуда.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»