Жоспарлар талқыланды

Достық үйінде Қарағанды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты 17-сессиясы өтті. Мемлекет басшысының тапсырмалары, идеялар мен ұсыныстар қаралған сессия отырысы ел көңілінен шықты.

Отырысқа Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және Ассамблея жастары республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев қатысты. Отырыста ҚХА қоғамдық институттарының қызметі, Мемлекет басшысы тапсырмаларының іске асуы талқыланып, қатысушылар тарапынан идеялар мен ұсыныстар айтылды. Өңір басшысының орынбасары ел бірлігін нығайту және тұрақтылықты сақтаудағы ассамблея мүшелері мен қызметкерлерінің маңызды рөлін атап өтті.

– Қарағанды облысы ҚХА қызметі Мемлекет басшысының жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған жолдауларына, бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар оның қызметінің негізі – Мемлекет басшысының ҚХА 33-сессиясында, Ұлттық құрылтайда, Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларын орындау, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Сондай-ақ ол мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталып, оны басты бағыттың бірі ретінде атап өтті. Отырысқа жиналғандарға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталып, алда жасалатын жоспарларды бөлісті. ҚР Президенті әкімшілігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан ассамблея мүшелеріне алғыс білдіріп, атқарылған іс-шараларға тоқталды.

– Қарағанды облысының жыл сайын ұйымдастырылып, өткізіліп тұратын «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Осының аясында биыл Достық үйінің қабырғасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Өте жоғары деңгейде, халықаралық сарапшылар осыны атап өтті, – дейді Ғалымжан Махан.

Пленарлық отырыста сондай-ақ ассамблеяның 30 жылдығына дайындық жоспарлары талқыланды. Сессия соңында Ермағамбет Бөлекбаев Достық үйінің мұражайын жаңғыртуды тапсырды, оған жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де қонақтар келетінін атап өтті.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»