Балалардың жазғы демалысы
Биыл Қарағанды облысында 1-10 сыныптардың 160 мыңға жуық оқушысы жазғы демалыспен қамтылмақ. Сауықтыру жұмыстары 8 саяжай лагерінде, 1 киіз үй лагерінде, мектеп жанындағы тамақтанатын 423 лагерьде және тамақтанбайтын мамандандырылған 452 мектеп алаңында жүргізіледі.
«Бұл мақсаттарға 482 миллион 167 мың теңге бөлінсе, оның 173 миллион 055 мың теңгесі саяжай лагерьлерінің жөндеу жұмыстарына және материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінді», – деп хабарлады Қарағанды облысының Білім басқармасынан.
Ауылдық аудандардан келген оқушыларға ерекше көңіл бөлінген. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауылдардан 838 баланы жолдамамен қамтамасыз етті.
Оқуда және қоғамдық өмірде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 10-14 жас аралығындағы оқушылар Алматыдағы «Тау – жанашар» және «Baqsy» лагерьлерінде, сондай-ақ қарағандылық «Салютте» демалады.
Барлық мамандандырылған мектеп пен лицейлерде тілдік курстар мен бейіндік лагерьлер ұйымдастырылған. Балаларды қорғау күнінде мектеп жанындағы барлық лагерь жұмысын бастады. Бұл күні барлық жерде «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары өткізілді.
Қарағандылық балалар жазғы демалысын мектеп жанындағы лагерьлерде өткізуде. Қарағанды қаласының №2 Оқушылар сарайында да лагерь ашылған екен. Оған 4 200-ден астам бала келеді. Мұнда олар әр түрлі секция мен үйірмелерге қатысады.
– Біз «Жаз» ауқымды жобасын үшінші жыл жүзеге асырып келеміз. Оған біздің тұрақты тәрбиеленушілеріміз де, мектеп жанындағы лагерьлердің балалары да қатысады. Тек төрт маусым болады. Әр маусым екі аптаға созылады. Оқушылар шахмат, дойбы, қолөнермен айналысып, шығармашылық студияларға барады. Түзету гимнастикасы, микроэлектроника кабинеті жұмыс істейді. Мұның бәрі тегін, балалардың қызығушылығы өте жақсы, – дейді №2 Оқушылар сарайының директоры Шаризат Алтынбекова.
Алты жастағы Аяжан Бақытжан әпкесі және ағасымен бірге Оқушылар сарайындағы лагерьге барады.
– Бізге бұл жер ұнайды. Ойнаймыз, сурет саламыз, билейміз, жаттығу жасаймыз. Мен көбіне сурет салғанды ұнатамын. Жаңа достар таптым, көңіл көтереміз, – деп бөлісті Аяжан.
Ал қаламыздағы екі жыл бұрын ғана ашылған №14 мектеп-гимназияда «Күншуақ» жазғы лагерінің бірінші маусымы сәтті өткен.
– Әрқайсысы 100 адамнан тұратын үш маусым болады. Балалар тамақпен қамтамасыз етілген, оның ішінде асхананы жалға алушылардың есебінен 10 бала демалды. Қазір екінші маусым жұмыс істейді. Конкурстар мен ойындардан басқа тілдік курстар ашылды. Қуыршақ театры, робототехника, бейнелеу студиясы бар. Әсіресе балалар ұлттық спорт түрлеріне (бесасық, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ) қатысқанды ұнатады, – дейді №14 мектеп-гимназия директоры Өрікбай Арынов.
Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында мектеп оқушыларына арналған алғашқы ІТ-лагерь ашылды. Бұл – Қарағанды облысындағы алғашқы ІТ-лагерь. Мұнда кәсіптік бағдар беру, оқыту, жеке даму және тамаша демалыс сынды көп нәрсе біріктірілген.
Ақпараттық технологиялардың негіздерімен 10 күн ішінде 100 оқушы танысады. Оқу бағдарламалары екі топтың оқушылары үшін жас ерекшеліктерін ескере отырып ойын түрінде құрастырылған.
8-11 жастағы оқушылар TinkerCAD-та 3D модельдеумен танысады, Scratch-те ойын құрумен, Studio 2.0-де онлайн лего-конструкторлар құрастырумен айналысады.
12-15 жастағы балалар үшін Blender-де 3D модельдеу, Roblox-та өз ойын әзірлеу, медиаконтенті бар веб-парақша құру және жобалау өтеді.
Күніне екі сағаттық спорттық жаттығулар қарастырылған.
Күн тәртібінде этно- және экологиялық шеберханалар, шығармашылық шеберханалар, спорттық жарыстар, психологиялық тренингілер, бассейнге бару бар. Маусым соңында – Қарқаралыға экскурсия.
– Біздің ІТ-лагерь Теміртау әкімдігінің қолдауымен Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында ашылды. Бағдарлама ойын түрінде оқытуды, роболендті, бағдарламалауды, модельдеуді қарастырады. Күн сайын спорттық шараларға екі сағат бөлінеді, қала көлемінде (мұражай, қысқы бақ) экскурсиялар қарастырылған. Сондай-ақ біз Қарқаралыға сапар шегуді жоспарлап отырмыз. Бірінші маусым қала әкімдігінің қолдауымен 10 күнге созылады, ол 100 адамға есептелген, шілде айында жұмысты өзіміз жалғастырамыз. Жыл сайын осындай лагерь ұйымдастыру жоспарда бар, – деді ІТ-лагерь басшысы Бекзат Ахметов.
Лагерь жұмысы үшін Теміртау жоғары политехникалық колледжінің барлық инфрақұрылымы жұмылдырылған: ІТ-орталық, стадион, спортзалдар, асхана, арнайы құрылған этноаймақ. Лагерь қызметкерлері – оқу орнының педагогтері.
14 жастағы Александр Калинкин компьютерлік ойындар мен бағдарламалауды жақсы көреді. Ол демалысының бір бөлігін IT-лагерьде өткізуге шешім қабылдаған.
– Мен компьютерлік ойындарға қызығамын, бағдарламалау негіздерін өз бетімше үйренуге тырыстым. Лагерьде жаңа нәрсе үйренгім келеді, уақытты көңілді әрі пайдалы өткізгім келеді, жаңа достар тапқым келеді. Мұндай лагерьлер оқушылардың болашақ мамандықтары жайлы шешім қабылдауы үшін қажет, – дейді №27 Теміртау мектебінің оқушысы Александр Калинкин.
Ал Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылында «Жас турист» киіз үй лагері ашылды. Мұнда бір маусым 5 күнге созылады.
Лагерьдің басты мақсаттары: ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, экологиялық тәрбие беру, әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды дамыту, ұлттық құндылықтарды сіңіру, мәдени мұраны құрметтеуді қалыптастыру.
«Әрбір оқушыны алдымен жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету және балалардың жаз мезгіліндегі демалысын тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдай жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік патриоттық сезімін арттыру мақсатында Ақтоғай ауданы Білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жас турист» маусымдық туристік киіз үй жазғы лагері ашылды. 7 маусымға жоспарланған лагерьде ауданның барлық мектебінің 7-9 сынып оқушылары демалады. Әр маусым 30 оқушыны қамтиды», – деп хабарлады Ақтоғай ауданының Білім бөлімінен.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»