Олимпиада жүлдегерлері зауыт аралады
2 тамыз күні атақты қазақстандық боксшылар Қарағанды құю-машина құрастыру зауытында қонақ болды.
Қайнаған тіршілікке бейімделген зауыт жұмысшылары мен басшылығы бұл күні ерекше қонақтарды қабылдап, құшақ жая қарсы алды. Сапарлап келген бір топ спортшылардың ішінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов және 2019 жылғы әлем чемпиондары Бекзад Нұрдәулетов пен Абылайхан Жүсіпов болды.
Зауыт басқармасының төрағасы Жәнібек Байғабелов қонақтарға кәсіпорын аумағын аралатып, цехтар мен өндірісті көрсетіп, таныстырып шықты. Сонымен қатар, зауыттың терең тарихына тоқтала отырып, бүгінгі күні қол жеткізіп отырған жетістіктерімен бөлісті. Кейін спортшылар бұл ерекше сапардан жағымды әрі оң әсер алғандарын айтып, алдағы күндерде тек сәттілік пен табыс тіледі.
Сондай-ақ, спортшылар Токиода өткен Олимпиададан алған әсерлері және бастан өткен қызықтарын ортаға салды. Сөз арасында «Қазақмыс» корпорациясының басшылығына және Эдуард Огайдың өзіне қазақстандық спортты қолдағаны үшін ризашылықтарын білдірді. Ал қатардағы қарапайым жұмыскерлер болса, әрқайсысының финалдық белдесулерін тағатсыздана күтіп, барынша жанкүйер болғандарын жеткізді.
Бұдан бөлек, зауытқа келген атақты қазақстандық боксшылар ҚҚМҚ-ны 80 жылдық мерейтойымен құттықтады:
— Мерейтой қарсаңында ҚҚМЗ-ға шын жүректен гүлдену, жеңіс және табыс тілейміз. Әріптестеріңіздің географиясы өсіп, өнімдеріңіз бәсекеге қабілетті және бүкіл әлемде сұранысқа ие болсын. Бұл зауыт машина жасау кәсіпорындары арасында чемпион болсын! — деп спортшылар тілек білдірді.
Айта кетелік, Қарағанды құю-машина құрастыру зауыты – аймығымыздың ірі кәсіпорындарының бірі. Негізгі қызмет түрі – тау-кен – шахта құрылғыларын жасап шығару және өндіру, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС кәсіпорнын қосалқы бөлшектермен және машина құрстыру бағытындғы жабдықтармен қамтамасыз ету. Биыл Қарағанды құю-машина жасау зауыты 80 жылдық мерейтойын тойлауда.
Кездесу соңында спортшылар бокс қолғаптарына қолтаңбаларын қойып, естелікке суретке түсті.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»